Су ресурстары және ирригация министрлігінің бастамасымен облыс әкімдіктері гидротехникалық нысандарды коммуналдық гидротехникалық құрылысжайларды пайдалану және басқару жөніндегі мамандандырылған ұйымдардың балансына беру бойынша жол карталарын әзірледі, деп хабарлайды F16.kz тілшісі.
Су ресурстары және ирригация министрлігінің ақпаратына сенсек, аталмыш жол карталарына сәйкес, биыл 120 гидротехникалық нысанды кәсіпорындардың балансына қабылдау жоспарланып отыр. 2026 жылы – 245, ал 2027 жылы – 465 нысанды қабылдау көзделген. Сонымен қатар 1 937-ге жуық гидротехникалық нысанды коммуналдық меншіктен республикалық меншікке беру жоспарда бар.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бүгінде өңірлерде коммуналдық гидротехникалық құрылысжайларды пайдалану және басқару жөніндегі 16 мамандандырылған ұйым құрылып, жұмыс істеп жатыр. Соның ішінде 10 ұйым 2024-2025 жылдары құрылған. Қазіргі уақытта бұл ұйымдардың балансына 872 нысан қабылданып, 283 арнайы техника берілді және 1 197 адам жұмысқа орналастырылды. Оның ішіндегі 310 қызметкер биыл жұмыспен қамтылған.
– Жаңа мекемелер Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Абай және Жетісу облыстарында ашылды. Бұл мамандандырылған ұйымдардың басты міндеті – гидротехникалық нысандарды қауіпсіз пайдалану, олардың техникалық жағдайын сақтау және уақтылы жөндеу жұмыстарын жүргізу, – дейді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов.




