Жұмысшы мамандықтар жылы аясында елімізде автожол саласы мамандарының бірыңғай дерекқоры – JOLSHY іске қосылды. Көлік министрлігінің Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты әзірлеген жаңа цифрлық сервис кадр тапшылығын шешуге және саладағы басқару ашықтығын арттыруға бағытталған, деп хабарлайды F16.kz.
Дерекқорда студенттер, түлектер, инженерлер мен басшылар туралы мәліметтер болады. Онда мамандардың білімі, еңбек өтілі және біліктілікті арттыру курстарынан өтуі туралы ақпарат сақталады. Қазір онда екі мыңнан астам пайдаланушы тіркелген. Жұмыс берушілер үміткердің нақты кәсіби профилін көре алады, ал студенттер тәжірибеден өтіп, мамандығы бойынша жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болады.
Биылғы 1 қыркүйектен бастап жол саласы қызметкерлеріне біліктілікті міндетті түрде арттыру талабы енгізілді. Бұл да JOLSHY арқылы тіркеледі. Жақын арада дерекқор e-License және Enbek.kz жүйелерімен біріктірілмек.
Осылайша, JOLSHY кадр тапшылығын жоюға, ашықтықты арттыруға және автожол саласы мамандарының кәсіби өсуіне жағдай жасайды.
Дерекқорға https://jolshy.qazjolgzi.kz/ сілтемесі арқылы өтуге болады.




