Шемонаиха ауданында балық аулау үшін қатпаған мұзға құтқару кеудешесін кимей шыққан үш ер адам көз жұмды. Қайғылы оқиға Зевакино ауылының маңында болған, деп хабарлайды F16.kz.
Ертіс өзенінің жайылмасында қатпаған мұздың үстіне шыққан 1984, 1960 және 1967 жылы туған үш балықшы суға батып кетті.
Алдын ала мәлімет бойынша, балықшылар құтқару кеудешесін кимеген. Олардың денелерін ШҚО ТЖД сүңгуірлері судан алып шықты, — делінген департаменттің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Құтқарушылар тұрғындарды су айдындарындағы қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады.
Мамандардың айтуынша, алғашқы аяз түскен кезде су бетінде мұз қатқанымен, ол қауіпсіздікке кепіл болмайды. Мұздың қалыңдығы әр жерде әртүрлі болуы мүмкін. Әсіресе ағысы бар өзендерде мұздың жұқа әрі осал тұстары жиі кездеседі.
«Су айдындарындағы қауіпсіздік қағидаларына» сәйкес, қалыңдығы 25 сантиметрден аспайтын мұз үстіне шыққан кезде өзіңізбен бірге ысқырық, құтқару кеудешесі, диаметрі кемінде 11 мм, ұзындығы кемінде 12 метр арқан және ұзындығы кемінде 2 метр таяқ болуы керек. Мұздың толық қатқанына көз жеткізбей су айдындарына шықпауға, қауіпсіздік жабдықтарынсыз балық аулауға бармауға шақырамыз, — дейді мамандар.




