Өскемен қаласында әкімнің жастар арасындағы жүлдесіне арналған дәстүрлі «АЛАУ-2026» байқауына қатысуға өтінім қабылданып жатыр. Биыл үміткерлер тоғыз номинация бойынша бақ сынайды.
Байқаудың мақсаты – өз саласында жетістікке жетіп, қаланың дамуына үлес қосып жүрген белсенді, талантты әрі бастамашыл жастарды қолдау және олардың еңбегін көпшілікке таныту.
Биылғы байқауда мынадай номинациялар ұсынылған:
1. «Жылдың медиа көшбасшысы»;
2. «Жыл жаңалығы»;
3. «Жылдың үздік еріктісі»;
4. «Үздік жас өндіріс маманы»;
5. «Үздік жас IT-маманы»;
6. «Sky Vision»;
7. «Бейбіт өмірдің батыры»;
8. «Өнер майталманы»;
9. «Кәсіпкерлікке қадам» (Startup Generation).
Байқауға 18 бен 35 жас аралығындағы азаматтар қатыса алады. Ол үшін үміткер таңдаған номинациясына сәйкес конкурс материалдарын әзірлеуі қажет.
Құжаттар MS Word форматында дайындалады. Мәтін Times New Roman қарпімен, 14 өлшемде теріліп, жоларалық интервал 1 болуы тиіс. Беттің барлық жағынан 2 сантиметр жиек қалдыру қажет.
Өтінімнің титулдық бетінде үміткердің толық аты-жөні, жұмыс орны мен лауазымы немесе оқу орны, курсы, факультеті және мамандығы көрсетілуі керек. Сонымен қатар таңдалған номинацияның атауы жазылып, қатысушының 3×4 фотосуреті орналастырылуы тиіс.
Бұдан бөлек, үміткердің жетістіктерін растайтын презентациялық материалдар, бейнероликтер және өзге де қосымша құжаттар ұсынылуы қажет.
Құжаттарды қабылдау мерзімі – 2026 жылғы 17–30 қараша аралығы. Барлық материал электрондық форматта alauoskemen2026@mail.ru электрондық поштасына жіберілуі тиіс.
Байқауға қатысу тәртібі мен құжаттарды рәсімдеу бойынша қосымша ақпаратты Өскемен қаласы әкімдігінің Жастар ресурстық орталығының мамандарынан алуға болады.
Байланыс телефондары:
* Қабден Айсұлу Дәуренқызы: +7 700 677 3289;
* Қозғанбаева Айжан Арманқызы: +7 707 967 7299;
* Муратова Аружан Аманқызы: +7 776 445 6040.
«АЛАУ-2026» – жастардың кәсіби жетістіктерін, шығармашылық әлеуеті мен қоғамдық белсенділігін танытуға мүмкіндік беретін байқау. Өз саласында нәтижеге қол жеткізген жас мамандар мен бастамашыл азаматтар үміткер ретінде қатыса алады.




