«Altay Invest 2025» халықаралық форумы аясында өткен панельдік талқылауда бизнес қауымдастық өкілдері Шығыс Қазақстанның даму болашағына қатысты мәселелерді қаузап, ұсыныс—пікірлер айтты, деп хабарлайды F16.kz.
«Казцинк» ЖШС-ның әкімшілік мәселелер жөніндегі басқарушы директоры Андрей Лазарев аймақтың өнеркәсіп өндірісін кеңейтуге және жаңғыртуға барлық мүмкіндігі бар екенін атап өтті. Ал «Восток Молоко» компаниясының басшысы Сейілжан Сайлаубаев өңірдің агроөнеркәсіп кешеніне назар аудартты.
Қай уақытта да азық-түлікке сұраныс болады, сондықтан агросектор өңір экономикасының басты драйверіне айналуға тиіс. Мен ауыл шаруашылығын дамытуды қолдаймын және негізгі басымдықты мал шаруашылығына беру қажет деп есептеймін, себебі бұл саланың мүмкіндіктері шексіз, — деді ол.
«Эмиль» ЖШС директоры Анна Аберле ауыл шаруашылығында шикізаттық үлгіден бас тартып, терең өңдеуді дамыту, яғни дайын өнімдер өндіру қажеттігіне тоқталды.
Президенттің туризмді дамытуға ерекше маңыз беріп отырғанын тілге тиек еткен өскемендік кәсіпкер Мұхтар Тойбазаров Шығыста туризмді табыс көзіне айналдыруға мүмкіндік көп екенін атап өтті.
Шығыс Қазақстан еліміздің басқа облыстарынан түбегейлі ерекшеленеді. Мұнда төбесі көк тіреген таулар да, жасыл желекті орман алқаптары да бар. Ал инфрақұрылымның дамуы, оның ішінде Катонқарағай мен Зайсанда әуежайлар салу, туризмге құйған инвестицияны толық ақтайды, — деді «Бес жұлдыз» ЖШС директоры Мұхтар Тойбазаров.
Жиынға қатысушылардың пікірінше, өңірді дамыту мен инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, өңдеу және туризм салаларына басымдық берілуі керек.




