Шығысқазақстандықтар Бозанбайдағы Бүркіттөбеде өтетін, дәстүрге айналған құсбегілер мерекесін асыға күтеді. Биыл бесінші жыл ұйымдастырылып отырған «Шығыс салбурыны — 2025» халықаралық фестивалінде еліміздің және көршілес мемлекеттердің түз тағысының тілін тапқан құсбегілері бас қосады, деп хабарлайды F16.kz.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, биыл ауқымды шараға еліміздің түкпір-түкпірінен 100-ден асам қатысушы келеді деп жоспарланған. Одан бөлек, қазіргі таңда Моңғолия, Қытай, Қырғыз, Ресей мен Венгрия елінің қатысушылармен де келіссөз жүргізіліп жатқан көрінеді.
Дәстүр бойынша әр аудан мен қала 2 киіз үйден құрады. Оның бірінде жиналған көрерменнің жайлылығы үшін теледидар орнатылып, тікелей эфир көрсетілсе, екіншісінде салт-дәстүрлер ұлықталып, көрме қойылады. Бұл ауқымды шара халқымыздың ұлттық мұрасын сақтап қана қоймай, жас ұрпақ арасында кеңінен насихаттауға бағатталған. Сондай-ақ әр киіз үй алдында аудандық өнерпаздардың қатысуымен мерекелік концерт ұйымдастырылады, — дейді облыстық мәдениет басқармасы басшысының уақытша міндетін атқарушы Лаззат Жұмашева.
Үш күнге созылатын ауқымды шараның бағдарламасы төмендегідей:
8-9 қазан – қатысушылардың орналасуы, жеребе тарту;
9-10 қазан — фестивальдің салтанатты ашылуы, қатысушылар орналасуы, жеребе тарту қатысушылардың ұлттық киімі мен құрал-жабдықтары, құстардың жалпы жағдай мен дайындығы бағаланады және бірқатар сайыстар да осы күні басталады (бүркітті қолға шақыру, шырғаға салу, қарыға мен ителгіні қолға шақыру және кептерге салу);
11 қазан күні – финал, ұлттық бұйымдар жәрмеңкесі мен шеберлік сағаттар, жергілікті және республикаға танымал өнер жұлдыздарының қатысуымен концерт, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар (асау үйрету, асық ату, жамбы ату, ат спорты ).
Айта кету керек, биыл халықаралық фестиваль қонақтары үшін елге танымал Кенжебек Жанәбілов, Досымжан Таңатаров пен «Алатау серілері» тобы өнер көрсетпек.




