Бүгіннен бастап тұтынушылық кепілсіз онлайн несие беру кезінде «шешім қабылдау» кезеңі енгізіледі, деп хабарлайды F16.kz Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Енді несиеге өтініш берген азаматтар белгілі бір уақыт күтуіне тура келеді.
Күту уақыты төмендегідей болады:
— 150 АЕК-тен (589 800 теңге) 255 АЕК-ке (1 002 660 теңге) дейінгі сома кезінде банктік қарыз шартын жасасқаннан кейін кемінде 8 сағат;
— банктік қарыз сомасы 255 АЕК-тен (1 002 660 теңге) жоғары, 75 АЕК-тен жоғары микрокредит (294 900 теңге) сомасы кезінде кемінде 24 сағат;
— қарыз алушыға ақшаны аударуға тек белгіленген шешім қабылдау кезеңі өткеннен кейін оның кредит беруге келісімін алғаннан соң рұқсат етіледі.
Банктер мен МҚҰ қарыз алушыға 1 күн ішінде жалпы сомасы көрсетілген лимиттерден асатын бірнеше кредит берілген жағдайда шешім қабылдау кезеңін сақтауға міндетті.
Егер қарыз алушы шешім қабылдау кезеңінде кредит алу туралы шешімін өзгертсе, қарыз шарты жойылады және оған кредит қаражаты аударылмайды.
Шешім қабылдау кезеңі тек онлайн-қарыздар үшін қолданылады және азаматтарды алаяқтықтан қорғауға бағытталған.




