Бүгін – Халықаралық қарттар күні. Қарттар күні халықаралық мерекесі 1990 жылдың 14 желтоқсанында БҰҰ Бас Ассамблеясында ресми бекітілген. Бұл күн 1991 жылдан бері 1 қазанда тойланып келеді.
Айта кетейік, 1 қыркүйектегі жағдай бойынша елімізде 2 млн 370 мың зейнеткер бар. Оның ішінде 448 азамат 100 жаста және одан үлкен.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, 100-ден асқандардың ең көбі Алматы қаласының тұрғындары. Екінші орында – Түркістан, үшінші орында – Алматы облысы.
Елімізде қарияларға әлеуметтік көмектер қарастырылған. Сонымен қатар зейнетақы жүйесіне де өзгеріс ене бастады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сай, зейнетақы кезең-кезеңімен көбейіп келеді. Мәселен, биыл 1 қаңтардан бастап ынтымақты зейнетақы 8,5% өсті.
Сондай-ақ қазір республиканың түкпір-түкпірінде 127 Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы жұмыс істеп тұр.
Қарттар мұнда спорт түрлерімен айналысып, бос уақыттарын көңілді өткізе алады. Биыл олардың қызметін қаржыландыруға жергілікті бюджеттен 7,5 млрд теңге бөлінді.




