Абай облысының Бестерек ауылында болған жол-көлік оқиғасынан кейін ауыр жарақат алып ауруханаға түскен тоғыз жасар қыз қайтыс болды, деп хабарлайды F16.kz.
Естеріңізді болса, биылғы 19 тамызда Үржар ауданының Бестерек ауылында көлігінің рөліне ие бола алмай қалған жергілікті тұрғын жол жиегінде тұрған үйдің қақпасына соғылып, ойнап жүрген балаларды басып кеткен еткен. Апат салдарынан екі, бес және сегіз жасар үш бала оқиға орнында көз жұмды. Ауыр жарақат алған тағы үш бала аудандық ауруханаға жатқызылған және оның екеуі іле-шала арнайы ұшақпен Астанаға жеткізілді. Ал тоғыз жасар қыз ұзақ жолды көтере алмайтындай ауыр жағдайда болғандықтан аудандық аурухана дәрігерлерінің бақылауында қалды. Кейін 23 тамызда жағдайы тұрақтанған соң Семейдегі медициналық университеттің госпиталіне жеткізілген. Алайда семейлік дәрігерлер барын салып, қанша тырысқанмен баланың өмірін сақтап қала алмады.
Зардап шеккен кішкентай қыздың жағдайы ауыр еді. Дәрігерлер қолдан келгеннің бәрін жасады. Алайда оның жарақаты тым ауыр болды. Ол есін жимастан көз жұмды, — деді Абай облысы денсаулық сақтау басқармасының өкілдері.




