Еліміздің өңірлерінде егін жинау науқаны қызып тұр, деп хабарлайды F16.kz тілшісі Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.
Министрлік ақпаратына сенсек, елімізде дәнді және дәнді-бұршақты дақылдардың болжамды жинау алаңы 16 миллион гектардан асады. Бүгінде 14,3 миллион гектар немесе жалпы егіс алқаптарының 88,9%-ы жиналды. Нәтижесінде 22,7 миллион тонна астық бастырылды.
Дәнді дақылдардан бөлек, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер 1,7 миллион тонна майлы дақыл, гектарына 227,3 центнер өнімділікпен 2,6 миллион тонна картоп және гектарына 306,7 центнер өнімділікпен 3,5 миллион тонна көкөніс жинады. Атап айтқанда, 323,6 ц/га өнімділікпен 428,8 мың тонна қырыққабат, 440,5 ц/га өнімділікпен 1017,6 мың тонна пияз, сондай-ақ 288,3 ц/га өнімділікпен 359,6 мың тонна сәбіз жиналғаны белгілі болды.
– Егін жинау науқаны ұйымдасқан түрде, агротехникалық талаптарға сай мерзімде өтуде, – деп жазады министрліктің баспасөз қызметі.




