Облыс орталығында қолайсыз метеорологиялық жағдай жарияланып, шаһарды түтін тұмшалағанына бірнеше күн болды. Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында қаладағы ауа сапасына қатысты брифинг өтті, деп хабарлайды F16.kz.
Әлеуметтік желіде тұрғындардың наразылығынан кейін бүгін мектептерде сабақ қашықтан оқыту форматына көшірілді. Ал, экологтар өз кезегінде ауада ластаушы заттардың мөлшері артқанын растап отыр. Десе де, ауа сапасының нашарлауына тек кәсіпорындар ғана емес, тұрғын үйлер мен көліктен шыққан түтін де әсер ететінін айтады.
— Атмосфералық ауада күкірт диоксиді мен күкіртсутегінің шекті рұқсат етілген концентрациясынан (ШРК) асқаны анықталды. Сынамалар негізінде кәсіпорындар аумағында да тексеру жүргіздік. Нәтижесінде, белгіленген талаптардан ауытқу байқалған жоқ. Ал, қаладағы қолайсыз метеожағдай жел болмау себебінен және күн райы құбылып, тұман салдарынан болған, — дейді облыс экология департаменті басшысының міндетін атқарушы Әсет Сүлейменов.
Ал, қала әкімі Алмат Ақышов, өнеркәсіптік кәсіпорындармен өзара іс-қимыл жолға қойылғанын, қолайсыз метеожағдай кезінде шығарындыларды азайту шаралары қабылданатынын атап өтті.
— Қазіргі таңда қалада көлік саны артқан, оны кептелістен де байқауға болады. Тұрғын саны мен жер үйлер саны да көбейіп келе жатқанын ескеруіміз керек. Жаз мезгілінде қолайсыз метеожағдай жарияланса да, мұндай түтін болған жоқ. Жылыту маусымы басталып, көмір жаға бастағанда осы мәселе пайда болды. Бірақ, зауыттарды да ақтауға болмайды. Кәсіпорындар мен жылу электр орталығы да ауа сапасының бұзылуына тікелей әсер етеді, — деді ол.
Қаладағы экологиялық жағдайды тұрақтандыру үшін алдағы уақытта электробустар сатып алынады. Одан бөлек, зауыттармен де жұмыс жалғаса бермек.
— Халықты қоғамдық көлікке ауыстыру керек. Кептелісте тұрмау үшін қоғамдық көлік пен электромобильге арналған жолақ ашуды жоспарлап отырмыз. Балалар мен жасөспірімдерге де қазір автобус тегін. Ал, көмір мәселесі қалаға газ келмей, шешілмейді. Қазір Үкімет осы бағытта жұмыс жүргізіп жатыр. 2030 жылға дейін газ қосылады деген жоспар бар, — деді Алмат Талғатұлы.
Ал, облыстық білім басқармасының басшысы Қуат Оқасовтың айтуынша, алдағы уақытта метеожағдай нашарлаған кезде мектепте қашықтан оқыту форматына көшу алгоритмі әзірленеді.




