Келер жылы облыс орталығында жаңа стадион құрылысы басталуы мүкмін. Бұл туралы қала әкімі Алмат Ақышов баспасөз брифингі барысында айтты, деп хабарлайды F16.kz.
Қазір спорт нысанының құрылысы жоспарлау сатысында.
— Қазыбек би мен Есенберлин даңғылдарының қиылысы, Тәуелсіздік монументінің артындағы алаңда салуды жоспарлап отырмыз. Қанша орынға арналғаны және көлемі әзірге белгісіз. Әлеуметтік жағынан, халық саны мен қажеттілігіне байланысты есептеледі, — деп атап өтті шаһар басшысы.
Сондай-ақ қала әкімі жаңа спорт нысаны еуропалық стандартқа сай салынуы мүмкін екенін де атап өтті.
Естеріңізге сала кетейік, осы жылдың наурызында Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың 4-отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде футболды дамыту мәселесін сөз еткен болатын.




