Қазақстандықтардың атына алаяқтық жолмен ресімделген несиелер енді сот шешімінсіз де кешірілетін болады. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова айтты, деп хабарлайды F16.kz.
Агенттік басшысы мұндай жағдайларда қарызды есептен шығарудың сотпен және соттан тыс тәртібі қарастырылатынын атап өтті.
Егер несие клиенттің рұқсатынсыз берілсе және ол биометриялық тексеруден өтпесе, онда қарызды соттан тыс тәртіпте есептен шығаруға болады. Бұл тұрғыда қылмыстық қудалау органдарына өтінім тапсыру керек. Олар несие алаяқтық жолмен берілген деп тану туралы тиісті қаулы шығарады. Осының негізінде қарызды есептен шығаруға болады, — деді Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар сұрағына жауап берген Мәдина Әбілқасымова.
Оның айтуынша, соңғы екі жылда банктер жалпы сомасы 1,9 млрд теңге болатын 1500 несие бойынша 1400 қарыз алушының берешегін есептен шығарған. Бұл деректер азаматтардың өтініші арқылы қарызды соттан тыс есептен шығаруға қатысты.
Мәселен, клиенттер биометриядан өткенін жиі көреміз. Дегенмен, жалған биометрия жағдайлары да кездесіп жатыр. Мұндай жағдайларда алаяқтықты сот арқылы дәлелдеу керек. Осы орайда сот тәртібінде қарызды есептен шығару негіздерін айтарлықтай кеңейттік. Егер несие толығымен клиенттің келісімінсіз берілсе, ол міндетті түрде соттың қарауынсыз есептен шығарылуы керек. Тиісті норма бар, оны іске асыру тәртібі Ішкі істер министрлігімен бірлесіп бекітілді, — деді Мәдина Әбілқасымова.




