Шығыс Қазақстан облысында күз-қыс маусымына тән жедел респираторлық вирустық инфекциялар көрсеткіші біртіндеп өскен. Биылғы 1 қазан мен 17 қараша аралығында өңірде 45 937 ЖРВИ жағдайы тіркелген. Сан жағынан жоғары болғанымен, мамандар мұны табиғи маусымдық құбылыс деп бағалап отыр. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында айтылды, деп хабарлайды F16.kz.
Облыста тіркелген науқастардың жартысынан астамы – балалар. Атап айтсақ, 1 жасқа дейінгі 728 нәресте, 126 жүкті әйел ЖРВИ диагнозымен тіркелген.
Сонымен қатар облыстық зертханаларда A/H3N2 тұмау вирусының 5 жағдайын расталды. Барлығы Өскеменде анықталған, оның төртеуі – 14 жасқа дейінгі бала. Дәрігерлер атауы қауіпті естілгенмен бұл штаммен жыл сайын әлемде көп адам ауыратынын және ол маусымдық вирус екенін айтты.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бұл вирус туралы болжамы дәл келді. Зертханалар оны дер кезінде анықтап отыр. Бір жасқа дейінгі балалар, жүкті әйелдер мен екпе алған адамдар арасында өршу жоқ. Бұл вакцина салдырудың тиімділігін көрсетеді, – деді облыстың бас инфекционисі Назигүл Сапарғалиева.
Мамандардың айтуынша, COVID-19 төмен деңгейде қалып отыр: маусым басталғалы облыста бар болғаны 2 жағдай тіркелген.
Дәрігерлер тұмау кезінде келесі ережелерді есте сақтауды ескертеді:
- тұмауға қарсы екпе салдыру;
- қол гигиенасын сақтау;
- адамдар көп шоғырланған жерде маска тағу;
- бөлмелерді жиі желдету;
- науқас адамдармен байланыстан аулақ болу;
- жылы сұйықтық көп ішу, дұрыс ұйықтау және иммунитетті күшейту.
Өңірге жеткізілген вакцина көлемі қандай?
ШҚО-ға биыл 75 мың доза «Гриппол плюс» вакцинасы жеткізілген. Бұдан бөлек, жұмыс берушілер есебінен тағы 2 мың доза алынды. Қазіргі уақытта 74 530 адам екпе алған, бұл – облыс халқының 10%-дан астамы.
Вакцина алғандардың негізгі бөлігі – тәуекел топтары:
• медицина қызметкерлері,
• жүкті әйелдер,
• диспансерлік есептегі балалар,
• қарттар,
• созылмалы ауруы бар тұрғындар.
Дәрігерлердің айтуынша, дұрыс профилактика мен уақтылы вакцина алу маусымды қиындықсыз еңсеруге мүмкіндік береді. «Маска, таза қол және мықты иммунитет – маусымдық инфекциядан қорғанудың ең тиімді жолы», – дейді мамандар.




