Биылғы 15 қарашадан бастап Шығыс Қазақстанда қар көшкіні қаупі жоғары кезең басталды. Аймақ еліміздегі қар көшкіні жиі тіркелетін өңірлердің бірі саналады. Мұнда 325 қар көшкіні шоғыры, 93 шақырым қауіпті автожол учаскелері және демалыс күндері 3 мыңнан астам адам баратын туристік және шаңғы базалары орналасқан, деп хабарлайды F16.kz.
ТЖМ «Қазселденқорғау» ШҚ филиалы биылғы маусымға дайындықты күшейткенін хабарлады. Филиал аумағында 20 қар өлшеу және қар көшкіні бағыттары бекітіліп, 160 бақылау рейкасы орнатылған. Мамандар қардың жиналуын, құрылымын және көшкін қаупін бағалау үшін апта сайын таулы аймақтарда жер үсті тексерістерін жүргізіп келеді. Қауіпті учаскелерде – демалыс аймақтары мен жол бойында үш тілде жазылған 40 ескерту қалқаны орнатылған.
Ведомство былтырғы қыс маусымында жалпы көлемі 58 085 текше метр болатын 64 профилактикалық қар көшкіні түсірілгенін мәлімдеді.
ШҚО ТЖД өкілдері тұрғындарға қауіпсіздік ережелерін сақтауды ескертеді. Басқарма бастығы міндетін атқарушы Аяулым Кекиеваның айтуынша, тауға шығар алдында міндетті түрде ауа райы болжамын тексеру қажет. «112» қызметі дауылды ескерту жариялаған жағдайда қауіпті бағыттармен жүруден бас тартқан жөн.
Мамандар қар көшкіндерінің негізгі себептері ретінде қардың қалың жиналуы, ауа температурасының күрт өзгеруі, қардың тез еруі, тау беткейлеріне шаңғышылардың түсуі және қатты дыбыстарды атайды.
Қауіпті жағдай туындағанда дереу 112 нөміріне қоңырау шалуға кеңес беріледі.




