Бүгін Өскеменде толассыз қар жауып, коммуналдық қызмет өкілдерінің жұмысы қыза түсті, деп хабарлайды F16.kz.
Қала көшелерінен ерсілі-қарсылы қар күреген тракторларды, аялдамалар мен жаяу адам жүретін жолды тазалап жүрген жұмысшыларды көруге болады. Бәрі де қызу іске кіріскен.
Өскеменде түстен бері қар жауып тұр. Коммуналдық қызметтер қоғамдық көліктер мен автокөліктерге жол ашу үшін тәулік бойы жұмыс істейтін болады, – деп хабарлады «Таза Өскемен» КМК.
Коммуналдық мекеме өкілдері қаладағы қар күреуге жауапты мердігер ұйымдар күшейтілген режимде жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Негізгі көшелер мен магистральдарда қолда бар барлық қажетті техника — автогрейдерлер, аралас жол машиналары, тракторлар, тиегіштер және жол желісін тазартуды қамтамасыз ететін өзге де көліктер жұмылдырылған.
Қоғамдық көлік маршруттарына, көпірлерге, қиылыстарға және қар көп жауатын басқа учаскелерге ерекше назар аударылған. Көшелерде жиналған жүк көліктеріне тиеліп, сыртқа шығарылып жатыр.
Қыс басталды, қар бір күнде басып салды. Қызу жұмыс істеп жатырмыз. Аялдамаларды, жаяу адамдар жүретін жолдарды ашамыз. Техникалар да тоқтаусыз күреп, тасып жатыр, – деді «Таза Өскемен» мекемесінің жұмысшысы Боранбай Әділетбек.




