Өскеменде тұрғын үйлердің біріне ұры түсіп, ақша мен әшекей бұйымдарды ұрлап кеткен. Келтірілген шығын мөлшері 10 млн теңгеден асады, деп хабарлайды F16.kz.
Полицияның «102» арнасына 34 жастағы Өскемен тұрғыны қоңырау шалып, үйіне бөтен адам кіргені туралы хабарлаған. Алдын ала анықталған деректерге сүйенсек, қаскөй кіреберістегі пластик терезені ашып, үйден ақша мен зергерлік бұйымдарды алып кеткен. Келтірілген залал 10 миллион теңгеден асты.
Жедел жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде полиция қызметкерлері қылмыс жасауы мүмкін деген күдікпен 33 жастағы ер адамды ұстады. Сотқа дейінгі тергеу басталды. Сондай-ақ күдіктінің басқа қылмыстарға қатысы бар, жоғы тексеріліп жатыр.
Ұрланған ақша мен әшекейлер иесіне қайтарылды.
Шығыс Қазақстан облысының полиция департаменті тұрғындарға қауіпсіздік шараларын естен шығармауды ескертеді.




