Күршім аудандық соты Қыстау-Күршім аумағында заңсыз еңбек еткен Өзбекстан елінің азаматына қатысты әкімшілік істі қарады. Сот оны кінәлі деп танып, әкімшілік қамауға алу және кейін елден шығарып жіберу жазасын кесті, деп хабарлайды F16.kz.
Іс материалдарына сәйкес, ер адам Қазақстанда еңбек етуге рұқсат беретін құжаттары болмағанына қарамастан құрылыста жұмыс істеген. Соттың анықтауынша, былтыр ақпанда ол дәл осындай баппен әкімшілік жауапкершілікке тартылған, сондықтан бұл құқық бұзушылық бір жыл ішінде қайталанған болып есептеледі. Сот отырысы барысында азамат өз кінәсін толық мойындады. Құқық бұзушылық фактісі полиция хаттамасы, инспектордың баянаты (рапорт) және іс бойынша өзге де материалдар арқылы расталды. Айыпталушының кінәсін мойындауы жауапкершілікті жеңілдететін мән-жай ретінде ескерілді.
Істі қарау нәтижесінде сот құқық бұзушыға бір тәулік мерзімге әкімшілік қамау жазасын берді. Жазасын өтегеннен кейін шетел азаматы белгіленген тәртіппен Қазақстаннан шығарылады.
Қаулы заңды күшіне енді.




