Самар ауданында туризм саласы қарқынды дамып келе жатыр. Туристік аймақтардың бас жоспары әзірленіп, демалыс базаларына апаратын жолдар жөнделе бастады. Алдағы уақытта Бұқтырма су қоймасының жағасында «Арбат» туристік-рекреациялық аймағы бой көтереді, деп хабарлайды F16.kz.
Туризм аудан экономикасын әртараптандырудың негізгі бағыттарының бірі саналады. Қазір Самар ауылында Туризм және инвестициялар орталығы жұмыс істеп тұр. Халықаралық Pana Asia компаниясымен бірлесіп, алдағы үш жылда құны 2 млрд теңге болатын заманауи қонақүй салу көзделген.
Жылдың алғашқы жартыжылдығында туристер саны 75 пайызға артып, 6 645 адамға жетті. Сонымен қатар демалыс базаларының нақты саны ресми статистикадан жоғары, бұл болашақта туристік нысандарды түгендеу қажеттігін көрсетеді.
Туризмнің дамуына тікелей ықпал ететін фактордың бірі – жол. Бүгінгі таңда өңірде жол инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары жүйелі жүргізіліп келеді. Былтыр 1,8 млрд теңгеге 45 шақырым жол мен көше жөнделді. Ал биыл 2,2 млрд теңгеге 60,7 шақырым жол жаңартылды.
Айта кетейік, жалпы Шығыс Қазақстанда бұл бағытта ірі жобалар іске асырылды: Бұқтырма көпірі пайдалануға берілді, шекара өткізу бекеттерін жаңғырту және теміржол вокзалдарын жаңарту жұмысы жүріп жатыр, республикалық және облыстық маңызы бар жолдар жөнделді. Бұл шаралар байланысты нығайтып, өңірдің туристік тартымдылығын арттыруға ықпал етті.




