Өскемен гарнизоны 27943 әскери бөлімінің зениттік дивизионы ерекше сарбаздармен толықты. Мұнда қазір егіздер Отан алдындағы борышын өтеп жатыр, деп хабарлайды F16.kz.
Қарағандыдан келген Никита мен Данил Симоновтар және тарбағатайлық Айдос пен Елдос Жанболатұлдарын бір қарағанда ажырату мүмкін емес. Бір әулеттен шыққан азаматтардың бір сапта қызмет етуі олардың патриоттық тәрбиесін және азаматтық борышқа деген адалдығын айқын көрсетеді.
Олар 27943 әскери бөліміне күзгі шақырту кезінде келген. Бастапқыда жеке құрам оларды шатастырыпты. Алайда қазір офицерлер мен сержанттар сарбаздарды түр-тұлғасы мен мінез-құлқынан еркін ажырататын көрінеді.
Олар бір-біріне ұқсағанымен, қызметке деген көзқарасы, тапсырманы орындау тәсілі жағынан әрқайсысының өзіндік ерекшелігі бар. Біздің міндет — олардың әскери дағдыларын дамытып, бір-біріне тірек болып, нағыз бөлім абыройын сақтайтын жауынгерлер ретінде тәрбиелеу. Егіздер арасында командалық рух жоғары, бұл взводтың жалпы ынтымағына да жақсы әсер етеді, – деді зениттік дивизион командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстары жөніндегі орынбасары лейтенант Нұрбек Бердіш.
Бүгінде жас сарбаздар мамандық бойынша дайындық бағдарламасынан өтіп жатыр. Нышан белгілерін тану, қару-жарақпен жұмыс істеу, саптық дайындық және дене жаттығулары – күнделікті оқу жоспарының негізгі бөлігі. Командирлердің айтуынша, егіздер тапсырмаларды жылдам меңгеріп, бір-біріне демеу болып үлгеріп жүр.
Қос егіз бүгінде зениттік бөлімшенің жауынгерлік есептоптарына бөлініп, өз міндеттерін абыроймен атқарып жатыр.
Бізге әскерге шақырту келгенде, еш ойланбастан Отан алдындағы борышымызды өтеуді шештік. Қазір біз ең жақсы дивизионда, ең керемет сержанттардан тәрбие алып жатырмыз, – деді Данил Симонов.
Бұдан бөлек, көктемгі шақыртумен қатарға қосылған сарбаздардың ішінде Зайсан ауданының Қарабұлақ ауылынан келген Нұрсұлтан мен Ерсұлтан Әмелбек бар. Бүгінде олар шабуылдау батальонында қызмет атқарады. Тәртіпті, ширақ әрі жауапкершілігі жоғары сарбаздар взводтың жауынгерлік даярлығын нығайтуға өз үлестерін қосып жүр.




