«Ауыл» партиясының Шығыс Қазақстан облыстық филиалы республикалық «Ауыл нақыштары» фотобайқауына қатысқан өңір фотографтарын марапаттады, деп хабарлайды F16.kz.
Филиал басшысы Ермек Иманғазинов байқауға атсалысқан шығармашылық өкілдерінің еңбегін жоғары бағалап, олардың ауыл тақырыбын дәріптеудегі үлесін атап өтті.
Өңірлік филиал атынан фотографтар Тлеубек Шаяхмет, Елдос Қуантаев және Мерей Қайнарұлына партияның атынан естелік сыйлықтар табысталды. Бұл қадам шығармашылық әлеуетті қолдауға және ауыл өмірін насихаттауға бағытталған маңызды бастамалардың бірі болды.
«Ауыл» партиясының «Ауыл нақыштары» фотобайқауы ұлттық дәстүрді дәріптеуге, ауылдың оң бейнесін қалыптастыруға және фотожурналистиканың дамуына серпін беретін мәдени жоба саналады.
Биыл байқауға еліміздің 20 өңірінен 678 үміткер қатысып, қазылар алқасына 3366 фотосурет ұсынылды. Байқау «Ауыл пейзаждары», «Еңбек адамының фотопортреті», «Фоторепортаж» және алғаш рет енгізілген «Ауылдағы бақытты балалық» номинациялары бойынша өтті.
Ұсынылған жұмыстарда қазақ ауылының табиғаты, күнделікті тыныс-тіршілігі, еңбек адамдарының бейнесі мен ұлттық мәдениеттің сан алуан көріністері кеңінен қамтылған.




