Шығыс Қазақстан облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті ұсынған мәліметке сүйенсек, өңір тұрғындарын сапасыз тауарлар, сатып алған тауарды қайтару және айырбастау кезіндегі қиындықтар, тұрмыстық қызметтердің дұрыс көрсетілмеуі сияқты мәселелер мазалайды. Биылғы 11 айда департаментке тұтынушылар құқығын қорғау бойынша 1149 өтініш келіп түскен, деп хабарлайды F16.kz.
2025 жылы тұтынушыларға 37 млн теңге қайтарылды. Тұтынушылар құқығын қорғау мақсатында 37 тексеру жүргізіліп, нәтижесінде жалпы сомасы 841 мың теңге болатын 18 әкімшілік айыппұл салынды. 22 нұсқама, екі ескерту берілді. Сонымен қатар департамент тұтынушылардың мүддесін қорғау бойынша 12 сот процесіне қатысты. – деп атап өтті ведомство басшысы Асхат Сағидолдин.
Оның айтуынша, адамдар көп жағдайда бөлшек саудадағы заң бұзушылықтарға — сапасыз тауарлардың сатылуына, тауарды қайтару және айырбастау кезіндегі қиындықтарға, тұрмыстық қызметтердің сапасыз көрсетілуіне шағымданған. Сонымен қатар электронды саудаға қатысты өтініштер санының артқаны байқалады. Атап айтсақ, тауардың сипаттамасына сәйкес келмеуі, жеткізу уақытының кешіктірілуі өзекті мәселелердің бірі болып отыр.
Департамент мамандары әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын бақылауға ерекше көңіл бөлген. Жыл басынан бері 182 кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұлдар сомасы 2 млн теңгеден асқан. Заң бұзушылықтар негізінен Өскеменде, Ұлан және Шемонаиха аудандарында ең көп болған.
Онлайн-сауданың қарқынды дамуына байланысты маркетплейстерге қатысты шағымдар саны да артқан. Осыған орай елде «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» жаңа заң жобасы әзірленіп жатыр. Ол кәсіпкерлердің жауапкершілігін күшейтуді, тұтынушылардың құқықтарын кеңейтуді, Ұлттық тұтынушылар қауымдастығын құруды және тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі омбудсмен институтын енгізуді көздейді.




