Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны әуе билетін қымбатқа сатқан туристік агенттіктен артық төлеген ақшасын қайтарып алды. Оған облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті мамандары көмектесті, деп хабарлайды F16.kz.
Ведомство басшысы Асхат Сағидолдиннің айтуынша, мемлекеттік органға өңір тұрғыны авиабилет сатып алу мәселесі бойынша жүгінген. Мән-жайды анықтау кезінде туристік агенттік әуе билеттерін төлем карточкасымен сатып алғанда қолма-қол ақшамен алғандағы бағасынан 3% артық сома есептегені белгілі болды. Бұл – тұтынушы құқығын бұзу.
Тұтынушы шағыммен жүгінгенде, туристік агенттік жауап беру мерзімін бұзған. Департамент белгіленген уақыт ішінде шағымға жауап бермеу фактісі бойынша турагенттікке қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізді. Нәтижесінде компанияға айыппұл салынып, артық есептелген соманы қайтару туралы бұзушылықтарды жою жөнінде ұйғарым берілді. Өтінішті қарау нәтижесінде тұтынушыға артық төленген ақшасы қайтарылды, – деді Асхат Сағидолдин.




