Өскеменде Жұмысшы мамандықтар жылын қорытындылауға арналған облыстық форум өтті. Алқалы жиынға Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысып, бір жылда атқарылған жұмыстарға тоқталды, деп хабарлайды F16.kz.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған Жұмысшы мамандықтар жылы еліміз үшін ерекше маңызға ие болды. Бүгінгі форум — бұл жыл қорытындысын шығаратын, нәтижелерді бағалайтын және өңір экономикасының дамуына үлес қосқан мамандардың еңбегін атап өтетін алаң. Жыл бойы облыста айтарлықтай жұмыс жүргізілді. Жаңа мамандықтар ашылып, шеберханалар мен зертханалар кезең-кезеңімен жаңартылып, мемлекеттік білім беру тапсырысы ұлғайды. Биыл колледждерде оқуға 7 мыңнан астам орын бөлінді, — деді облыс әкімі.
Кадрларды тиімді, сапалы даярлау үшін қажетті жағдайлар жасалып келеді. Оқу орындарына жаңа жабдықтар сатып алуға биыл 384 млн теңге және жөндеу жұмыстарын жүргізуге 180 млн теңге қаражат бөлінген.

Бүгінде 5 мыңнан астам студент дуальді оқыту жүйесі бойынша өндірістегі нағыз кәсіби мамандардың жанында білім алып жатыр. Бір жыл бұрын колледждерге қолдау көрсететін кәсіпорындар саны 30 болса, қазір олардың қатары 200-ден асады.
ҮЗДІК СЕРІКТЕСТЕР АНЫҚТАЛДЫ
Форум аясында білікті кадрларды даярлауда, дуальді оқытуды дамытуда және жұмысшы мамандықтардың оң имиджін қалыптастыруда жоғары нәтиже көрсеткен өңір кәсіпорындары мен колледждері марапатталды.

«Жылдың үздік меценаты» номинациясы «Казцинк» ЖШС-ға, «Үздік әлеуметтік серіктес» номинациясы «Өскемен титан-магний комбинатына», «Үлбі металлургиялық зауытына», «Өскемен жылу электр орталығына» және тағы бірнеше кәсіпорынға берілді.
Ал «Үздіксіз білім беру серіктесі» номинациясын С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті, Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті және Қазақстан-Американ еркін университеті иеленді. Сондай-ақ WorldSkills, AgroSkills және Abilympics-2025 республикалық чемпионаттарының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне Шығыс Қазақстан облысының әкімі атынан бағалы сыйлықтар берілді.




