Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Өскемен тұрғындарымен кездесуде өңір орталығының туристік әлеуеті мен даму жоспарлары туралы айтты, деп хабарлайды F16.kz.
Аймақ басшысы Өскеменде жыл он екі ай жұмыс істейтін заманауи туристік модель қалыптастырылып жатқанын атап өтті.
Туризмді дамытудағы негізгі басымдықтар қатарында жағалауларды абаттандыру, мәдени мұра нысандарын жаңғырту, «Ақбауыр» археологиялық ескерткіш кешенін дамыту, сондай-ақ тау шаңғы және рекреациялық аймақтарды кеңейту көзделген.
Шығыстың бас шаһарында көпфункционалды концерт орталығын салу, халықаралық қонақүйлер желісін тарту жоспарда бар.
Өскеменнің гастрономиялық әлеуеті жоғары. Қалада жыл бойғы үздіксіз туризмді дамытуға мүмкіндік бар. Жазда ресми жағажайлар мен демалыс аймақтары жұмыс істесе, қыста мұз айдындары мен тау шаңғы базалары туристерге қызмет көрсетеді.
Онкология және хирургия орталығының базасында медициналық туризм қарқынды дамып келеді. Өскеменде кешенді медициналық тексеруден (CHECK-UP) өту құны шамамен 500 АҚШ долларына тең болса, шетелде дәл осындай қызмет бағасы 5-10 мың АҚШ долларына тең, – деді аймақ басшысы.
Жалпы алғанда, қалада туристік инфрақұрылымды, табиғи нысандарды, мәдениет пен медицинаны, сондай-ақ сервисті біріктіретін бірыңғай туристік экожүйе қалыптасып келеді Бұл бастамалар облыс орталығының туристік тартымдылығын арттырып, өңір экономикасының дамуына серпін беруге бағытталған.




