Шығыс Қазақстанда көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында бірқатар ірі жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл туралы аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов Өскемен тұрғындарымен кездесуде айтты, деп хабарлайды F16.kz.
Былтыр Президент тапсырмасымен салынған Бұқтырма көпірі қолданысқа берілді, ол өңірдегі маңызды стратегиялық нысандардың бірінен саналады.
Биыл Катонқарағай және Зайсан аудандарында әуежай құрылысы қолға алынды. Бұл жобалар өңірдің туристік тартымдылығын арттыра түседі.
Республикалық және жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын жөндеу де жүйелі жүргізіліп келеді. Былтыр облыста 710 шақырым жол жөнделсе, биыл бұл көрсеткіш 856 шақырымға жетті. «Майқапшағай» және «Уба» өткізу бекеттері жаңғыртылып, Өскемен, Риддер, Шемонаиха, Алтай және Серебрянка қалаларында бес теміржол вокзалы қайта қалпына келтіріліп жатыр.
Қазір Өскемен-Алтай-Рахман қайнары бағытындағы көлік жолы жөнделіп жатыр. Қалбатау-Майқапшағай және Талдықорған-Қалбатау-Өскемен тас жолдарын жаңғырту аяқталды. Семейге апаратын жол да жөндеуден өтті. Риддер және Шемонаиха бағытындағы тас жолдарды қалпына келтіру жұмысы аяқталуға жақын.
Ертіс және Үлбі көпірлеріне түсетін жүктеме жылдан-жылға артып келеді. Қаланың аудандарын өзара байланыстырып, көлік кептелісін азайту үшін Ертіс пен Үлбі өзендері арқылы өтетін тағы да екі жаңа көпір салу жоспарда бар, – деді облыс әкімі.




