Шығыс Қазақстан облысында экологиялық күн тәртібі күнделікті мәдениеттің ажырамас бөлігіне айналып келеді. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында жастармен мазмұнды кездесу өтіп, жыл қорытындысы шығарылды, деп хабарлайды F16.kz.
Іс-шараға өңірдегі белсенді жастар, волонтерлер және жастар ұйымдарының өкілдерін қатысып, тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинау, табиғи ресурстарды ұқыпты пайдалану және жастардың экологиялық бастамаларға қатысуы мәселелерін талқылады.
Жыл басынан бері ауданда 50-ден астам экологиялық акция ұйымдастырылып, жүздеген тұрғынды қамтыған.
Тамылжыған табиғатымен ерекшеленіп, тұрғындардың сүйікті демалыс орнына айналған Шалқар көліне ерекше назар аударылған. Мұнда емен, қайың және терек ағаштарын қоса алғанда 300 көшет отырғызылды. «Таза бұлақ» акциясы аясында Алғабас ауылында және Шалқар көлі аумағында 150 адамның қатысуымен ауқымды сенбілік өтті.
Ал «Таза жағалау» акциясы барысында Сартынбет жағалауы мен Шалқар көлінің маңын тазартуға 200-ден астам волонтер мен «Жасыл ел» жасақтары атсалысқан..
2025 жылғы 21 сәуірде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» экологиялық фестивалінде сөйлеген сөзінде қоршаған ортаға қамқорлық бір реттік шара емес, әрбір қазақстандықтың өмір салтына айналуы тиіс екенін атап өткен болатын. Бұл қағидат бүгінде Шығыс Қазақстан облысында жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.
Кездесу барысында қатысушылар өз ұсыныстарын білдіріп, елді мекендерді абаттандыру және экологиялық жобаларды одан әрі дамыту мәселелерін көтерді. Жастардың жоғары қызығушылығы мен белсенділігі өңірде экологиялық мәдениеттің қалыптасып қана қоймай, нақты нәтиже беріп жатқанын көрсетті.




