Жылқы жылы Шығыс Қазақстан облысында қандай өзгерістер болады? Өңірдің әлеуметтік—экономикалық дамуына тың серпін беретін қандай жобалар іске асырылмақ? Қай салаларға басымдық беріледі? F16.kz редакциясы келер жылы қолға алынатын ілкімді істерге тоқталып, атап өтер айтулы даталарға шолу жасады.
КӨЛІК ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ
2026 жылы ШҚО-да көлік инфрақұрылымын жақсартатын бірнеше ірі жоба ел игілігіне беріледі:
Осинов асуын айналып өтетін төте жол. Құрылысы 9 жылға созылып, әлі күнге бітпей келе жатқан автокөлік жолының өңір үшін маңызы зор. Жоба 2017 жылы басталып, 3 жылда аяқталады деп жоспарланған. Бірақ орман қорына тиесілі жер телімдерін рәсімдеудегі қиындықтар, инфляция, жобаны өзгерту және ұзаққа созылған келісімдер құрылыстың созылып кетуіне себеп болды. Десе де жол құрылысы 2026 жылы толық тиянақталады. Нәтижесінде Өскемен-Алтай бағытындағы көліктер бұралаңы көп аса қауіпті Осинов асуын басып өтпей төте жолмен қатынайды. Жол қысқарып, қауіпсіздік артады.

Өскемен-Риддер республикалық жолы. Бас-аяғы 100 шақырымнан асатын бұл трассамен ағылған көліктер легі қысы-жазы толастамайды. Ол – заңды. Риддер – өңірдегі туристік әлеуеті жоғары қала. Батыс Алтайдың баурайында орналасқан кенді шаһарда жыл он екі ай қызмет көрсететін ірі туристік аймақтар бар және олардың қатары жыл сайын көбейіп, географиясы кеңейіп келеді. Демек демалушылар саны да арта түсті. Ал жол – экономиканың, оның ішінде туризмнің күретамыры.
Облыс орталығындағы екі деңгейлі жолайырық. Бұл жоба көлігі көп Өскеменде кептелісті азайтып, тұрғындардың жүріп-тұруына қолайлы жағдай туғызады. Жолайырық Сәтпаев пен Есенберлин даңғылдарының, Жібек жолы мен Базовая көшелерінің түйіскен тұсында салынып жатыр. Жоба іске қосылған соң Ертістің оң және сол жағалауынан ерсілі-қарсылы ағылатын көліктер кедергісіз, бағдаршамсыз қатынайды. Сол сияқты Жібек жолы мен Базовая көшелерінде де кептеліс сейіліп, көліктер тоқтаусыз қозғалады. Жаңа жолайырықтың арқасында қозғалыс жиілі 2,5 есе артады. Қазір бұл жермен тәулігіне 85 мың көлік жүрсе, құрылыс біткен олардың саны 200 мыңға жетеді.
Катонқарағай және Зайсан аудандарындағы әуежай құрылысы. Бұл екі әуежай туристер көп баратын өңірлерде ірге көтереді. Әуе қатынасының ашылуы туристер ағынын едәуір арттырып, жергілікті бизнестің дамуына серпін береді, жаңа жұмыс орындары ашылып, өңірлердің инвестициялық тартымдылығы артады және халықтың өмір сүру сапасы жақсарады.
Катонқарағай әуежайы Өскемен-Рахман қайнары автожолының бойында, аудан орталығынан 25 км қашықтықта салынады.
Зайсан әуежайы бұрынғы Сатпай әскери аэродромының орнында, Қалбатау-Майқапшағай жолына жақын жерде, аудан орталығынан 25 км қашықтықта болады.

Бес теміржол вокзалын қайта қалпына келтіру. Мемлекет басшысының тапсырмасымен жөндеу жұмысы жүргізіліп жатқан Өскемен, Риддер, Алтай, Күмістау және Шемонаиха теміржол вокзалдары 2026 жылы қолданысқа беріледі. Жөндеуден кейін аталған бекеттерде жолаушыларға қызмет көрсету деңгейі артып, жайлы жағдай жасалады. Өңірде көлік саласын цифрландыру жөніндегі мемлекеттік бағдарлама аясында «Өскемен-1», «Риддер» және «Алтай» станцияларында тасымалдауды басқарудың автоматтандырылған жүйесі енгізіледі. Бұдан бөлек, мобильді зертханалар мен сенсорды пайдалана отырып жолды диагностикалаудың зияткерлік жүйелері, QR бар электронды билеттер, жүк тасымалын цифрлық басқаруға арналған онлайн-платформалар қолданылады, байланыс пен сигнал жүйелері жаңғыртылады. Сонымен бірге қозғалыс кестелсін болжау және іркілістің алдын алу мақсатында жасанды интеллектіні қолдану бойынша пилоттық жоба іске асырылады.
Өскемен-Алматы арасында Тальго пойызы жүреді. ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов Астанада өткен баспасөз мәслихатында келер жылдан бастап Өскемен-Алматы бағытында Тальго пойызы жүре бастайтынын хабарлады.
Өскеменде екі көпірді құрылысы басталады. Облыс орталығындағы көлік қозғалысын жақсартып, кептелісті азайту және тұрғындарға қолайлы жағдай туғызу үшін екі көпір салынады. Оның бірі Ертіс өзенінің Виноградов көшесі мен Меновное ауылын байланыстырса, екіншісі Үлбі өзеніндегі “Шнайдер көпірі” маңына түседі. Құрылыс жұмысы келер жылы басталады.
ТҰРҒЫН ҮЙ КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ ЖӘНЕ ЭНЕРГЕТИКА
2026 жылы Шығыс Қазақстан облысында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы жүйелі жаңғырту кезеңіне өтеді. Негізгі басымдық жылу тапшылығын жою, инженерлік инфрақұрылымды жаңарту және қызмет сапасын арттыруға беріледі.
Өскеменде тағы бір жылу ЖЭО салынады. Құрылысы келер жылы қолға алынатын стратегиялық энергетикалық нысан – ЖЭО-3 қала іргесіндегі Қасым Қайсенов кентіне жақын маңда бой көтереді. Жергілікті биліктің мәліметінше, қазір қалада жылу тапшылығы сағатына 267 Гкал-ға жетіп отыр, ал қолданыстағы инфрақұрылым жүктемені көтере алмайды. Жаңа ЖЭО бұл мәселені түбегейлі шешеді.
ТУРИЗМ
Туризм өңір экономикасының басым бағыттарының біріне айналды. Табиғи әлеуетті жүйелі пайдалану, инфрақұрылымды дамыту және туристік өнімді әртараптандыру арқылы облыс ішкі және сыртқы туристер үшін тартымды аймаққа айналуды көздейді.

Облыста туризм саласы төрт негізгі бағытта дамиды. Атап айтсақ, Катонқарағайда wellness-туризм, Марқакөлде – экологиялық туризм, Риддердегі – тау шаңғысы және Өскеменде демалыс күндері туризмі қолға алынады. Осы орайда Риддер қаласында «Анатау» кешені мен Катонқарағай ауданында Pana Asia халықаралық стандарттарға сай келетін заманауи қонақ үйлер құрылысы басталады.
Катонқарағай ауданында Tor’re Altay Invest ЖШС-ның 120 орындық Wellness Resort санаторий-сауықтыру кешенінің құрылысы басталады.
БІЛІМ
Білім беру саласының инфрақұрылымын нығайту, оқыту сапасын арттыру және білімге қолжетімділікті кеңейту басты назарға алынады. Негізгі басымдық ауыл мен қала арасындағы білім сапасы алшақтығын азайтуға және заманауи білім беру ортасын қалыптастыруға беріледі.

Облыстың қала-аудандарында үш жаңа мектеп салынып, 12 білім беру нысаны жөнделеді. Жаңа мектептер Глубое ауданының Опытное поле, Прапорщиков елді мекендерінде бой көтереді. Сонымен қатар 35 жаңа буын кабинеті ашылады.
СПОРТ
Шығыс Қазақстанда спорт саласы жоғары жетістіктер спортын қолдау және бұқаралық спортты кеңейту, инфрақұрылымды жетілдіру бағытында дамиды. Негізгі мақсат – өңірдің спорттық әлеуетін күшейтіп, салауатты өмір салтын қалыптастыру.
Өскеменнің “Алтай” футбол клубы Қазақстан премьер лигасында ойнайды.

2026 жылғы 6-22 ақпан аралығында Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтетін XXV қысқы Олмипиада ойындарында Шығыс Қазақстан облысынан 14 спортшы бақ сынайды. Олар шаңғымен жүгіру, биатлон, фристайл-могул, тау шаңғысы, шаңғымен тұғырдан секіру сияқты спорт түрлерінен өнер көрсетеді. Төртжылдықтың басты додасында ел намысын қорғайтын үздіктер қатарында Юлия Галышева, Анастасия Городко, Павел Колмаков сынды тәжірибелі спортшылар бар.
Өскемен қаласында заманауи ипподром мен волейбол орталығы салынады. Риддерде денешынықтыру-сауықтыру кешені, Зайсан ауданының Сарытерек ауылында спорт модулі бой көтереді.
АТАУЛЫ КҮНДЕР
24 қаңтар – жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Катонқарағай ауданының тумасы Әлібек Асқаровтың туғанына 75 жыл.
Қаңтар – Жамбыл атындағы облыстық драма театрының (қазіргі ШҚО драма және оперетта театры) құрылғанына 90 жыл.
20 наурыз – Шығыс Қазақстан облысы Пушкин атындағы кітапханасының құрылғанына 130 жыл.
26 наурыз – 130 жыл бұрын Зайсан ауданында алғашқы кітапхана ашылған.
Наурыз айы – 240 жыл бұрын Шығыста омарташылық алған қолға алынған.
22 сәуір – журналист, ШҚО «Дидар» газетінің бұрынғы бас редакторы, мәдениет қайраткері, Ұлан ауданының тумасы Жұмаділ Әділбаевтың туғанына 80 жыл.
1 мамыр – журналист, жазушы, аудармашы, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, Зайсан ауданының тумасы Кәдірбек Сегізбаевтың туғанына 85 жыл.
31 мамыр – 240 жыл бұрын тау-кен офицері Филипп Риддер қойнауы қазынаға толы әйгілі Риддер кенішін ашқан.
30 маусым – белгілі жазушы, журналист, аудармашы, Ұлан ауданының тумасы Кеңес Юсуповтың туғанына 85 жыл.
17 шілде – Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің құрылғанына 25 жыл.
4 тамыз – Марқакөл мемлекеттік табиғи қорығының құрылғанына 25 жыл.
7 қазан – Қазақстанның халық әртісі, белгілі актер, Күршім ауданының тумасы Досхан Жолжақсыновтың туғанына 75 жыл.
24 қазан – ШҚО «Дидар» газетінің алғашқы саны жарыққа шыққанына 95 жыл.
17 қараша – Қазақстанның Еңбек ері, белгілі металлург, Өскемен қаласының және Күршім ауданының Құрметті азаматы, белгілі металлург Бағдат Шаяхметовтің туғанына 80 жыл.
19 қараша – Өскемен жол-құрылыс институтының (қазіргі ШҚТУ) ең алғашқы ректоры Дәулет Серікбаевтың туғанына 105 жыл.
16 желтоқсан – жазушы, драматург, Күршім ауданының тумасы Талаптан Ахметжановтың туғанына 65 жыл.
16 желтоқсан – Желтоқсан оқиғасына 40 жыл.
23 желтоқсан – журналист, ақын, КСРО Журналистр одағының және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Зайсан ауданының тумасы Есет Әукебаевтың туғанына 105 жыл.
Жылқы жылында атап өтілетін бұдан басқа айтулы даталар өте көп. Олардың бәрін тізіп шығу мүмкін болмаған соң F16.kz редакциясы ішінара тоқталды.




