2025 жыл Қазақстандағы әскери қызметшілерді әлеуметтік қолдау жүйесінде маңызды өзгерістермен ерекшеленді. Қабылданған шаралар жалақыны арттыруды, тұрғын үймен қамтуды, білім беру мүмкіндіктерін кеңейтуді, әскери отбасыларды қолдауды және қызметтен кейінгі өмірге бейімдеуді қамтыды.
2025 жылғы 1 қаңтардан бастап офицерлердің жалақысы орта есеппен 20,3 пайызға, ал қатардағы және сержанттық құрамдікі 33,9 пайызға өсті. Сондай-ақ 1 шілдеден бастап далалық шығуларға, теңіз жорықтарына және оқу-жаттығуларға қатысқан әскери қызметшілерге тәулігіне 1,2 АЕК көлемінде далалық төлемдер қайта төлене бастады. Ал 2026 жылдың 1 қаңтарынан жалақыны арттырудың екінші кезеңі іске асырылып, офицерлерге тағы 23 пайыз, ал қатардағы және сержанттық құрамға қосымша 10 пайыз өсім жоспарланған.
Тұрғын үй мәселесінде де жаңа мүмкіндіктер ұсынылды. «Отбасы банк» әскери қызметшілерге арналған арнайы ипотекалық бағдарламаларды іске қосты. «Әскери баспана» бағдарламасы 20 пайыз бастапқы жарнамен қайталама нарықтан үй алуға мүмкіндік берсе, «Наурыз әскери» жобасы бастапқы жарнасыз жаңа үйлерден пәтер сатып алуға жол ашады. Несие сомасы өңірлерге қарай 30–36 млн теңгеге дейін, ал пайыздық мөлшерлеме 9 пайыздан басталады.
Әскери отбасыларды қолдау бағытында мыңнан астам баланың «Балдәурен» сауықтыру орталығында демалуына жағдай жасалды. Сонымен қатар Sarbaz 2.0 цифрлық жобасы арқылы 9 мыңнан астам мерзімді әскери қызметші білім беру гранттарына ие болды. Іріктеу процесі толық автоматтандырылып, сарбаздардың жетістіктері негізінде жүргізілуде.
Қаржылық жүктемені азайту мақсатында 20 мыңнан астам сарбазға жалпы көлемі 8 млрд теңгеге жуық несиелік демалыс берілді. Бұдан бөлек, мерзімді қызмет барысында сұранысқа ие жұмысшы мамандықтарын тегін меңгеру мүмкіндігі қарастырылған.




