Ауылдағы кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасына бөлінетін қаржы биыл екі есе ұлғаяды. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың қатысуымен өткен өңірлік даму жөніндегі жоба кеңсесінің отырысында айтылды, деп хабарлайды F16.kz.
Былтырдан бастап «Ауыл аманаты» жобасы жаңа қағидаттар негізінде жүзеге асырыла бастады. Қаржыландыру өңірлердің нақты қажеттіліктерін ескере отырып, артық бюрократиясыз бөлінеді. Негізгі басымдық кооперацияны дамыту мен ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге берілген.
2025 жылы жобаға облыс әкімдіктеріне 50 млрд теңге бөлінсе, 2026 жылы республикалық бюджетте жобаны жалғастыруға 100 млрд теңге қарастырылған, оның шамамен 60 млрд теңгесі 600-ге жуық кооперативті қолдауға бағытталмақ.
Сонымен қатар Ақмола облысының Ерейментау ауданында ет кластерін құру жобасын іске асыру мәселесіне ерекше назар аударылды. Осыған байланысты Қанат Бозымбаев жобаның экономикалық және ұйымдастырушылық тетіктерін қосымша пысықтауды тапсырды.
Кеңес қорытындысы бойынша Ұлттық экономика министрлігіне әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың қызметін қайта пішімдеу жөнінде ұсыныстар әзірлеу, «Даму» қоры арқылы «Ауыл аманаты» аясында кепілдік беру тетіктерін енгізу тапсырылды.
Сондай-ақ облыс әкімдіктеріне екі апта ішінде барлық өңірді Amanat Nesie ақпараттық жүйесіне толық қосып, ауыл тұрғындарына жеңілдетілген несие беруді қамтамасыз ету міндеті жүктелді.




