Шығыс Қазақстан облысы жастар саясатын жүйелі түрде іске асырып келе жатқан өңірлердің қатарында. Бүгінде облыста 14–35 жас аралығындағы 170 мыңнан астам жас тұрады. Бұл өңір халқының шамамен 25 пайызына тең.
Жұмыспен қамту – басты басымдық
Былтыр өңірде жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,7 пайыз болды, бұл республикалық орташа көрсеткіштен төмен. Жұмыспен қамту жол картасы аясында 25 мыңнан астам жұмыс орны құрылып, оның 10 мыңнан астамы жастарға арналды.
Барлығы 3,6 мың жас маман тұрақты жұмыспен қамтылды. NEET санатындағы жастарға көрсетілген қолдаудың нәтижесінде олардың үлесі 4,9 пайыздан 4,3 пайызға дейін төмендеді.
Күршімде комьюнити орталығы ашылды
Облыста 14 жастар ресурстық орталығы жұмыс істейді, онда 124 маман қызмет атқарады. Былтыр Өскеменде Жастар комьюнити орталығы ашылды. Биыл осындай орталықты Күршім ауданында іске қосу жоспарланған.
Сонымен қатар өңірде 15 коворкинг-орталық пен 10-нан астам жастар ұйымы белсенді жұмыс істеп келеді.
Еңбекақы өседі
2026 жылдан бастап жастар ресурстық орталықтары қызметкерлерінің жалақысы облыстық деңгейде 50 пайызға, қала-аудан деңгейінде 30–50 пайызға кезең-кезеңімен арттырылмақ.
Былтыр Жұмысшы мамандықтар жылы аясында колледждерде жаңа мамандықтар ашылып, 277 студент қабылданды. Қазір 5 мыңнан астам студент дуальді оқыту жүйесімен білім алады. Сондай-ақ 56 мамандық бойынша жұмыссыз жастарға қысқа мерзімді оқыту курстары ашылған.
Жастарға – баспана
Өңірде «Шығыс маманы» жеңілдетілген ипотекалық бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. 2024–2025 жылдары бұл мақсатқа 1,5 млрд теңге бөлініп, жас мамандардың өңірде тұрақтап қалуына мүмкіндік жасалды.
Еріктілер ел ішінде
Былтыр ШҚО жастары экологиялық және волонтерлік бастамаларға белсенді атсалысты. «Таза Қазақстан» акциясы аясында 191 іс-шара өтіп, 30 мыңға жуық жас қамтылды. Мыңдаған аула тазартылып, 75 мыңнан астам ағаш егілді.
Диалог алаңы
Шығыс Қазақстан облысы отандық және шетелдік жастардың маңызды диалог алаңына айналды. Өңірде 300-ден астам халықаралық және республикалық іс-шара өтіп, жастардың құқықтық, қаржылық және цифрлық сауаттылығын арттыруға бағытталды.
Алдағы уақытта облыста жұмыспен қамту, білім беру, баспана, азаматтық белсенділік пен жастар әлеуетін дамытуға басымдық бере отырып, жастар саясатын жүзеге асыру жұмыстары жүйелі түрде жалғаса бермек.




