ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағановтың төрағалығымен облыстың ауыл шаруашылығын дамыту мәселелері жөнінде жиын өтті, деп хабарлайды F16.kz.
Онда саладағы түйкілді тақырыптар талқыланып, түрлі ұсыныстар жасалды.
Алдағы уақытта Күршім ауданында мал бордақылау алаңы мен ет өңдеу зауыты іске қосылады. Күршім ауданының әкімі Мейіржан Әлбеков атқарылып жатқан жұмыстар мен дайындық барысын баяндады.
Ал Ұлан ауданының әкімі Арман Бекбосынов Алмасай ауылдық округінде орналасқан «Уақ» ауыл шаруашылығы кооперативінің мал басын көбейту және өндірістік инфрақұрылымды кеңейту мақсатында биыл мемлекеттік қолдау бағдарламаларына қатысуды жоспарлап отырғанын жеткізді.
2025 жылғы 20 мамырдан 22 тамызға дейін ШҚО бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті Ауыл шаруашылығы басқармасына мемлекеттік аудит жүргізген. Соның нәтижесі бойынша басқарма 74 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіге 1 284 бас ірі қара малға субсидия бергені, алайда олар мал басын сақтау міндеттемелерін орындамағаны анықталды. Бұл Зайсан, Тарбагатай, Ұлан, Күршім, Самар, Үлкен Нарын, Шемонаиха, Марқакөл аудандарына қатысты. Сондықтан аудандық ауыл шаруашылығы бөлімдері субсидияланған мал басының сақталуына тоқсан сайын мониторинг жүргізіп отыруы қажет, — деді ШҚО Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Жаннат Көшерова.
Жиын соңында Нұрымбет Сақтағанов аталған аудан әкімдеріне малға берілген субсидияларды қайтару жұмыстарын жүргізуді, субсидия талаптарының орындалуын қатаң қадағалауды тапсырды.
Әрбір ауданда 2026-2027 жылдарға арналған инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша бекітілген квотаға сәйкес агроөнеркәсіптік кешен жобаларының нақты тізімі дайындалуы қажет. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне субсидияланған мал басын сақтау міндеттерін орындамаудың жеке жауапкершілігі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізіңіздер. Құзырлы басқармалар ет өнімдерін экспорттау жөнінде нақты ұсыныстар әзірлеуге тиіс, — деді аймақ басшысы.




