Пойыздан жүк ұрлаумен жүйелі түрде айналысқан Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарының азаматтарына сот үкімі шықты. Қылмыстық топ құрамында алты адам болған, деп хабарлайды F16.kz порталы Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Былтырғы сәуірде көліктегі полиция департаментінің криминалдық полиция қызметкерлері Бас көлік прокуратурасының үйлестіруімен Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарының тұрғындарынан құралған қылмыстық топты ұстады. Тергеу барысында олардың 2024 жылғы тамыздан 2025 жылғы сәуірге дейін «ҚХР-Еуропа» халықаралық бағытымен қатынаған пойыздардың контейнерінен жүкті жүйелі түрде ұрлап келгені анықталды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында аталған топтың төрт ұрлық дерегіне қатысы бар екені дәлелденді.
Ұрланған заттардың ішінде бейнебақылау камералары, балалар арбалары және көлік бөлшектері болған. Жүк иелеріне келтірілген жалпы шығын 212 миллион теңгеден асты. Қылмыстық топ мүшелерінің кінәсі дәлелденіп, келтірілген материалдық залал толық көлемде өтелді. Сот шешімімен олардың әрқайсысына 4 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды, – деп жазды сайт.




