Шығыс Қазақстан облысы волонтерлік қызмет деңгейі жоғары өңірлердің алғашқы бестігіне кірді. Аймақта ерліктілер қызметіне деген қызығушылық артып келеді. Бұл жергілікті халықтың қайырымдылық пен көмекке бейілділігін, азаматтық белсенділігінің жоғары деңгейін көрсетеді, деп хабарлайды F16.kz.
Былтыр Ұлттық волонтерлік желі министрлік тапсырысымен «Волонтерлік салаға қоғамдық сенім деңгейін бағалау» тақырыбында арнайы зерттеу жүргізді. Зерттеу нәтижесінде Шығыс Қазақстанда волонтерлік қызметтің кең етек алғаны белгілі болды. Атап айтқанда, сауалнамаға қатысқан облыс тұрғындарының 95,3 пайызы волонтерлік қызметтің мәні мен маңызын жақсы түсінетінін көрсеткен.
Өңірде қайырымдылық жасау мен өзгеге қол ұшын беру дәстүрі бұрыннан қалыптасқан. Волонтерлік қозғалысқа тікелей қатыспайтын тұрғындардың өзі бұл бағыттан хабардар. Осы көрсеткіштер нәтижесінде Шығыс Қазақстан волонтерлік туралы білім деңгейі жоғары өңірлердің алғашқы бестігіне еніп, Ақтөбе, Қостанай, Павлодар және Ақмола облыстарымен қатар аталды.
Волонтерлік белсенділікті арттыру бағытында өңірде нақты бастамалар қолға алынған. Соның бірі – былтыр 19 қарашада бастау алған «Мейірімді Шығыс» қайырымдылық акциясы. Акцияның мақсаты – тұрғындардың әлеуметтік жауапкершілігін арттыру және жастарды волонтерлік қызметке тарту.
Қоғам тарапынан кең қолдау тапқан бұл бастама қысқа мерзім ішінде өңірлік деңгейден асып, республикалық сипатқа ие болды. Акцияға шамамен 10 мыңға жуық адам қатысып, волонтерлік қозғалыстың қоғамдағы рөлінің арта түскенін көрсетті.




