Пластик терезелерді бұзып кіріп, үйдегі бағалы заттарды тонаумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды, деп хабарлайды F16.kz.
Олар тек Шығыста емес, көршілес облыстарда да заңсыз әрекетке барған.
Полицияға арыз-шағым қаңтар айының басында түсе бастаған. Иелері жоқ кезде қылмыскерлер тұрғын үйлерге кіріп, зергерлік бұйымдар мен өзге де құнды заттарды ұрлаған. Бір деректе жеке тұрғын үй, екіншісінде көпқабатты үйдегі пәтер тоналған.
Жедел іздестіру іс-шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері бұл қылмыстарға Өскеменге басқа өңірден келген қылмыстық топтың қатысы барын анықтаған. Белгілі болғандай, ұрланған зергерлік бұйымдарды күдіктілер көрші облыстарда ломбардқа өткізіп отырған. Ломбардтардан алынған бейнежазбалар тәркіленіп, қылмыстық істердің материалдарына тіркелді. Алдын ала мәлімет бойынша жәбірленушілерге келтірілген жалпы шығын көлемі 5 миллион теңгеден асады, — деді ШҚО ПД баспасөз қызметі.
Өскемен қаласының криминалдық полициясы, Астана қаласы полиция департаменті қызметкерлерінің бірлескен жұмысының және ЖҚАЖ-дың күштік қолдауының нәтижесінде қылмыстық топтың барлық мүшелері ұсталды. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қазір олардың басқа өңірлерде жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.




