Биылғы 10-11 ақпан күндері Шығыстың Б.Александров атындағы cпорт сарайында мәнерлеп сырғанаудың хас шеберлері бас қосты. «Ақпан жұлдызы» VII республикалық турнирінде еліміздің сегіз өңірінен келген жас таланттар бақ сынады, деп хабарлайды F16.kz.
Атап айтқанда, байрақты бәсекеде Алматы, Астана, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Сәтбаев, Теміртау және Өскемен қалаларынан жиыны 285 спортшы өнер көрсетті. Қатысушылардың бабы мен шеберлігін Мәскеу мен Санкт-Петербургтен келген, Ресей чемпионаттарында қазылық еткен тәжірибелі тәуелсіз төрешілер алқасы бағалады.
Бірінші спорт разрядына дейінгі санаттағы қатысушылар құрамы өте мықты болды. Тіпті, спортшылар ел чемпионатына қатысуға лайық дайындықпен келгені көрініп тұр. Екі күн ішінде барлығы 30 марапат жиынтығы сарапқа салынды, — деді «Звездный» мәнерлеп сырғанау клубының жетекшісі Екатерина Пригода.
Жарыс қортындысына сәйкес, спорт шебері дәрежесі бар қатысушылар арасында София Мухаметкаирова алтын медальді жеңіп алса, спорт шеберіне үміткерлер арасында Дарья Власова топ жарды.
Бірінші разряд иегерлері қатарында қыздардан Мария Сосновская үздік атанса, ұлдар арасында Семен Резниктің бағы жанды. Екінші разрядта Джахонгир Абылкасымов жеңіс тұғырының ең биігіне көтерілді.




