Экология министрі Ерлан Нысанбаев Өскемен ауасының ластану себебін түсіндірді. Оның айтуынша, бәріне желсіз күн райы кінәлі, деп хабарлайды F16.kz.
Еліміздің бас экологы қала аспанын жиі-жиі тұмшалайтын қалың тұман мен түтіннің жиналуына қолайсыз метеорология жағдайы әсер ететінін айтты.
Негізгі себеп – қолайсыз метеожағдай. Тіпті қалада зауыттар мүлде болмаса да, бірнеше күн қатарынан жел соқпаса ластану бірден байқалады. Өйткені көліктер көп, – деді министр.
Сонымен қатар ведомство басшысы Өскемендегі өнеркәсіп кәсіпорындары жыл сайын ауаға бөлетін улы газдар мөлшерін азайып келе жатқанын атап өтті. Оның сөзінше, алдағы 5-10 жылда экологиялық проблемалар біртіндеп шешімін тауып, қалаларда жағдай жақсарады.




