Ғашықтар күні қарсаңында көпшілік сүйіктісіне ерекше сыйлық іздейтіні анық. Осы орайда жеңілдіктер мен жаппай сатылымдар туралы ақпарат көбейіп, интернет алаяқтар белсенді әрекет етеді.
Мереке қарсаңында сыйлық аламын деп сан соғып қалмас үшін ІІМ келесі ережелерді қатаң ұстануға кеңес береді:
— тауарды тек сенімді, тексерілген сайттар мен ресми маркетплейстер арқылы сатып алыңыз;
— әлеуметтік желілердегі немесе мессенджерлердегі күмәнді сілтемелерге өтпеңіз;
— шектен тыс төмен баға ұсынылса, абай болыңыз — бұл алаяқтықтың белгісі болуы мүмкін;
— сатушыдан тауардың нақты бар екенін растауды сұраңыз;
— бейнеқоңырау арқылы дүкеннің нақты мекенжайын көрсетуді өтініңіз. Алаяқтар көбіне мұндай талаптан жалтарып, оның орнына геолокация немесе өңделген фото жібереді;
— төлем жасау кезінде сақ болыңыз: ақшаны жеке шоттарға немесе күмәнді төлем жүйелеріне аудармаңыз;
— жеке деректеріңізді қорғаңыз. Бөгде адамдарға ешқашан парольдерді, SMS-кодтарды, CVV-кодты және банк картасының толық мәліметін бермеңіз.
Сақ болыңыз және алаяқтардың құрбанына айналмаңыз, — делінген хабарламада.




