Өскеменде Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакованың жүлдесіне арналған жеңіл атлетикадан XI халықаралық турнир өтті. Шығыстың бас шаһарында дүркіреп өткен дүбірлі додаға әлемнің оннан астам елінен 150 спортшы қатысты, деп хабарлайды F16.kz.
Бағдарламаға сәйкес, жеңіл атлеттер қысқа, орта және ұзақ қашықтықтарға жүгіру, кедергілер арқылы жүгіру, ұзындыққа және биіктікке секіру сияқты спорттың бірнеше түрінен “кім мықтыны” анықтады. Кәсіби спортшылармен қатар зияткерлік даму ерекшеліктері бар қатысушылар да жарыс жолына шыығып, алғаш рет инклюзивті форматтағы сайыстар ұйымдастырылды.
Турнирдің ашылу салтанатына қатысқан ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов саңлақтарға сәттілік тілеп, мұндай байрақты бәсекелер бұқаралық спорттың дамуына, салауатты өмір салтын насихаттауға зор ықпал ететінін атап өтті.
Бүгінде облыста жеңіл атлетикамен 1100-ге жуық спортшы айналысады. Жапония астанасы Токиода өткен XXV жазғы Сурдлимпиада ойындарында шығысқазақстандық Фаина Мейраманова биіктікке секіруден рекорд жаңартып, 1 метр 79 сантиметр көрсеткішпен чемпионы атанды. Бүгін күллі Қазақстан үшін қуанышты жаңалықты ерекше қабыл алдық. Отандасымыз Михаил Шайдоров Италияда өтіп жатқан Олимпиадада мәнерлеп сырғанаудан алтын алып, Қазақстан қоржынына алғашқы медальды салды. Бұл – 32 жылдан кейінгі тарихи сәт.
Бүгінгі турнир елімізде жеңіл атлетиканы дамытуға, жас спортшыларды қолдауға, болашақ чемпиондарды тәрбиелеуге және салауатты өмір салтын насихаттауға ықпал етеді, — деді аймақ басшысы.
Даңқты жеңіл атлет, Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова бұл жарысты жас таланттардың жарқырап шығуына жол ашатын тамаша мүмкіндік деп атады.
Бүгін Өскеменде осындай дүбірлі бәсеке өтіп жатқанына қуаныштымын. Барша қатысушыларға сәттілік тілеймін. Жарысты өткізуге демеушілік еткен «Казцинк» компаниясына, облыс, қала әкімдіктеріне, денешынықтыру және спорт басқармасына, бапкерлерге алғыс айтамын, — деді Ольга Рыпакова.
Айта кетейік, халықаралық турнирде ел құрамасы сапында Шығыс Қазақстан облысының саңлақтары да өнер көрсетті. Олардың ішінде әлемдік аренада атой салған жеңіл атлеттер, жеңімпаздар мен жүлдегерлер, рекорд иегерлері бар.
Мамандардың айтуынша, World Athletics Indoor Tour сериясының Silver санатына енгізілген турнирде өнер көрсеткен спортшылардың нәтижесі әлемдік рейтингте есепке алынады.
World Athletics Indoor Tour сериясының Silver санаты — бұл жабық ғимаратта өтетін халықаралық жеңіл атлетика жарыстарының ресми деңгейінің бірі. World Athletics ұйымы жыл сайын қысқы маусымда (жабық аренада) өтетін жарыстарды бір серияға біріктіреді. Сол серия World Athletics Indoor Tour деп аталады. Ал Indoor Tour бірнеше деңгейге бөлінеді: Gold (ең жоғары деңгей), Silver және Bronze. Silver санатында жарыс халықаралық стандартқа сай өтеді, қатысушылардың нәтижесі әлемдік рейтингке кіреді, спортшылар рейтингтік ұпай жинай алады, турнирдің беделі жоғарылайды. Бұл санат жарыстың сапасы мен ұйымдастырылуы халықаралық талаптарға сәйкес екенін көрсетеді. Ол спортшылар үшін де маңызды, өйткені олар әлемдік рейтингте орындарын жақсарта алады.
Өңірдегі іргелі кәсіпорындардың бірі «Казцинк» компаниясы турнирдің бас демеушісі болды.
Өскеменде бүгінде спорт қаласына айналып келеді. Біз үшін өңірдің мәртебесін көтеретін игі бастамаларға қолдау көрсету өте маңызды, — деді «Казцинк» ЖШС-ның әкімшілік мәселелер жөніндегі басқарушы директоры Андрей Лазарев.
Бас демеушінің қолдауымен турнирдің жалпы жүлдегі 36 мың АҚШ доллары көлемінде белгіленді.
Сонымен қатысушылар бұл күні жекелей сайыстарда және эстафетада сынға түсті. Жеңіс тұғырынан көрінген спортшылар қатарында Қазақстан, Өзбекстан, Түркия елдерінің, сондай-ақ Африка құрлығының саңлақтары болды. Ольга Рыпакованың даңқын шығарған спорт түрі – ұзындыққа үш қарғып секіруде ұлттық құрама өкілі Мария Ефремова алтын медаль иеленіп, бұл бәсекеде қазақстандық атлеттер ешкімге дес бермейтінін кезекті рет дәлелдеді. Сол сияқты сырықпен секіруде Иван Товченик топ жарса, ерлер арасындағы 60 метрге жүгіруде Алмат Төлебаев үздік нәтиже көрсетті.
Әйелдер арасында 400 метрге жүгіруде Аделина Земс күміс жүлдегер атанды. Ал дәл осы қашықтықта ерлер арасында отандасымыз Эльнор Мухитдинов чемпион болды. Сол сияқты Александра Залюбовская (800 м) мен Игорь Хрунин (800 м) алтын медаль иеленсе, 3000 метрде Дарья Миллер мен Бейбарыс Ізғали үздік нәтиже көрсетті. Кедергілер арқылы 60 метрге жүгіруде Юлия Башманова мен Давид Ефремов жеңімпаз атанды. Ал 4×200 аралас эстафетада Қазақстанның KAZ2 құрамасы топ жарды.
Жарыс нәтижелері
Ерлер:
• Құрамын лақтыру: Георгий Муджаридзе (GEO) — 19,56 м
• Үш секіру: Максим Ваняйкин (UKR) — 16,24 м
• Бұтақпен секіру: Иван Товченик (KAZ) — 5,20 м
• 400 м (финал A): Эльнор Мұхитдинов (KAZ) — 47,94 с
• 400 м (финал B): Алан Иванов (KAZ) — 49,71 с
• 800 м: Игорь Хрунин (KAZ) — 1:56,54
• 3000 м: Бейбарыс Изғали (KAZ) — 8:44,11
• 60 м кедергілермен: Давид Ефремов (KAZ) — 7,79 с
Әйелдер:
• Үш секіру: Мария Ефремова (KAZ) — 13,51 м
• Ұзындыққа секіру: Ясемин Зехра Бүрекджи (TUR) — 6,41 м (жаңа жарыс рекорды!)
• 400 м (финал A): Джанбиби Хұқмова (UZB) — 54,15 с
• 400 м (финал B): Анастасия Цвиркунова (KAZ) — 57,04 с
• 800 м: Александра Залюбовская (KAZ) — 2:14,24
• 3000 м: Дарья Миллер (KAZ) — 9:48,38
• Биіктікке секіру: Барнохон Саифуллаева (UZB) — 1,88 м
• 60 м: Амаша де Силва (SRI) — 7,47 с
• 60 м кедергілермен: Юлия Башманова (KAZ) — 8,37 с
Аралас эстафета 4×200 м: KAZ1 командасы — 1:31,64
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы дипломдармен бірге ақшалай сертификаттар табысталды.




