Жапонияда ел намысын қорғап жүрген кәсіпқой сумошы Ерсін Балтағұл қазақстандық спортшылармен және жас балуандармен кездесті, деп хабарлайды F16.kz.
Оған қазақ күресінің өкілдері, сондай-ақ Қазақстан барысы турнирінің жеңімпаздары мен жүлдегерлері Бейбіт Ыстыбаев, Руслан Әбдіразақов, Мұхит Тұрсынов, Ерасыл Қажыбаев қатысты. Сонымен бірге Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев бастаған дзюдо құрамасының спортшылары да болды.
Кездесу барысында жас балуандар қонаққа қазақ күресінің әдіс-тәсілдерін көрсетіп, сумо мен ұлттық күрестің ұқсастығын таныстырды. Ал Ерсін Балтағұл сумода жиі қолданатын әдістерді көрсетіп, кәсіби спортта жинаған тәжірибесін үйретті.
Спортшының айтуынша, жетістікке жетудің басты сыры — еңбек, тәртіп және ұлттық негізден ажырамау. Ол қазақ күресі мен дзюдо мектебінен шыңдалғанын атап өтті. Сондай-ақ сумо белдесулерінде қазақ күресінің жамбас әдісін жиі қолданатынын жеткізді.
Кездесу соңында Қазақ күресі ассоциациясының бас директоры Мейіржан Берекетов Ерсін Балтағұлға құрмет көрсетіп, иығына шапан жауып, естелік сыйлық табыстады.
Тағылымды басқосу жас спортшыларға шабыт беріп, ұлттық рух пен халықаралық тәжірибенің тоғысқан жарқын сәті болды.




