Елімізде республикалық маңызы бар бірқатар автокөлік жолы ақылы болуы мүмкін. Оның ішінде Талдықорған—Өскемен трассасы да бар, деп хабарлайды F16.kz.
Көлік министрлігінің тиісті бұйрығы «Ашық НҚА» порталында жарияланды. Құжатқа сәйкес, 645 шақырымдық Балқаш-Бурылбайтал және 226 шақырым болатын Бурылбайтал-Күрті автожолдарын ақылы ету жоспарланған.
Бұл учаскелер «Орталық – Оңтүстік» көлік дәлізіне кіреді және Астана мен Алматы арасындағы тікелей автожол байланысын қамтамасыз етеді. Екі жол да 2025 жылы пайдалануға берілген, олар қолданыстағы қауіпсіздік және сапа талаптарына толық сәйкес келеді. Жолдың жекелеген бөліктерінде рұқсат етілген жылдамдық 140 км/сағатқа дейін белгіленген, – деп жазылған түсіндірмеде.
Төлем бүкіл жолдың бойында және барлық көлік түрінен алынады. Бұған қоса кейбір жеңіл көлік жүргізушілеріне айлық және жылдық абонемент жасату мүмкіндігі қарастырылған. Бұл қызмет тек келесі өңірлерде тіркелген көліктерге қатысты:
Қарағанды облысы – Бұқар жырау, Абай, Шет, Ақтоғай аудандары, сондай-ақ Балқаш және Приозерск қалалары;
Жамбыл облысы – Мойынқұм ауданы;
Алматы облысы – Жамбыл және Іле аудандары.
Сондай-ақ министрлік жалпы ұзындығы 773 шақырым болатын Талдықорған – Өскемен автожолын ақылы етуді ұсынып отыр. Жеңіл көліктерге жолдың алғашқы 32,4 шақырымында ғана ақы төлеу енгізіледі, ал қалған бөлігі тегін болады. Айлық және жылдық абонементтер мына санаттарға қарастырылған:
Алматы облысы – Ескелді, Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандары;
Абай облысы – Үржар, Аягөз, Жарма аудандары;
Шығыс Қазақстан облысы – Ұлан ауданы.
Төлем көлік қозғалысын тоқтатпай-ақ автоматты түрде есептеледі. Есептеу көліктің санатына және нақты жүріп өткен қашықтығына қарай жүргізіледі. Бұл үшін нөмірлік белгілерді тану жүйесі қолданылады, – деп хабарлады Көлік министрлігі.
Жобаларды қоғамдық талқылау 17 наурызға дейін жалғасады.




