Шығыс Қазақстан облысында еңбек күші артық өңірлерден отбасыларды көшіріп әкелу және қандастарды қоныстандыру саясаты жүйелі жалғасын тауып келеді. Аймақ билігі көші—қон бағдарламасын іске асыру үшін биыл 800 адамға квота бөлді. Қоныс аударушылардың көш көлігі қай аудандарға тоқтайды, мемлекеттен қандай материалдық көмек көрсетіледі, баспанамен және жұмыспен қамту мәселесі қалай шешіледі? F16.kz журналистері осы сұрақтарға жауап іздеді.
Облыстың жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының мәліметінше, 2023-2025 жылдар аралығында Шығысқа квотамен 702 отбасы, яғни 2 206 адам көшіп келген.
Биылдан бастап «Шығыс шақырады» өңірлік жобасы пилоттық төрт аудан – Марқакөл, Катонқарағай, Тарбағатай және Самарда жүзеге асырылатын болады. Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов өңірге табан тіреген әр отбасына лайықты қолдау көрсетіліп, жан-жақты көмек берілетінін атап өткен.
Біздің басты міндет – адамдарға өмір сүру, еңбек ету және болашағын құру үшін жайлы орта қалыптастыру. Ол үшін тұрғын үй, әлеуметтік инфрақұрылым және сапалы мемлекеттік қолдау нақты нәтижеге бағытталуы қажет. Еңбекке қабілетті отбасы мүшелерін тұрақты жұмысқа орналастыру бағытындағы жұмысты күшейту керек. Қала, аудан әкімдері көшіп келген әр отбасына жанашырлықпен қарап, жан-жақты көмек көрсетуге тиіс, – деді ол.
Ресми мәліметке сүйенсек, биыл 800 адамға квота бөлінген, оның 600-і қоныс аударушы, 200-і – қандас. Көшіп келушілерге көрсетілетін мемлекеттік қолдауға көшуге арналған субсидия, тұрғын үй жалдау шығындарын өтеу, қызметтік баспанамен қамтамасыз ету, кәсіптік оқыту және жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу кіреді. Жұмыс берушілерді субсидиялау мүмкіндігі де қарастырылған.

«ШЫҒЫС ШАҚЫРАДЫ» ЖОБАСЫНЫҢ АРТЫҚШЫЛЫҒЫ НЕДЕ?
Бұл – еңбекке қабілетті халықты тартуға, ауылдық аумақтарды дамытуға және демографиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған кешенді өңірлік жоба. Басты ерекшелігі – бейімделудің барлық кезеңін қамтитын кешенді мемлекеттік қолдау.
Бағдарлама шеңберінде қатысушыларға:
көшуге субсидия;
тұрғын үй жалдау шығындарын өтеу;
қызметтік баспана;
кәсіптік оқыту;
жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу;
кәсіп бастауға гранттар ұсынылады.
Бұл жоба қоныс аударуды ынталандырып қана қоймай, отбасылардың жаңа ортаға әлеуметтік-экономикалық кірігу процесін толық қамтиды.
ҚАЙТАРЫМСЫЗ ГРАНТ КІМДЕРГЕ БЕРІЛЕДІ?
Облыс әкімдігі бизнес бастамаларды қолдау аясында өтеусіз мемлекеттік грант беруді жүзеге асырады. Қайтарымсыз гранттың сомасы – 750 АЕК (3243 750 теңге).
Өңірлік грант беріледі:
- «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқуды аяқтағаны туралы қолданыстағы сертификат болуы керек.
- Гранттың мақсатты экономикалық қызмет түріне сәйкес мамандық бойынша білім туралы сертификат (дипломның) болуы, оның ішінде skills.enbek.kz платформасы арқылы алынуы керек.
- Грант алушы қайтарымсыз қаражатты алғанға дейін жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі міндетті, мемлекеттік тіркеу мерзімі 5 жылдан аспауға тиіс.
- Өңірлік гранттың мақсатты бағыты – жол бойы сервисін, қонақ үй бизнесін құру және дамыту, өндіріс, туризм және қызмет көрсету салалары.
Өңірлік грант берілмейді:
- Тұтынушылық мақсаттарға;
- Несиені өтеуге;
- Тұрғын үй сатып алуға немесе салуға;
- Жер учаскелерін сатып алуға;
- Акцизделетін өнім өндіруге;
- Ара шаруашылығына;
- Жануарлар, мал, құс, көшет, бұта, тұқым сатып алуға.
Бұл талаптар қаржының нақты экономикалық нәтиже беретін жобаларға бағытталуын қамтамасыз етеді.
Өңірлік грант алуға құжаттар пакеті пилоттық аудандардың әкімдіктері жанынан құрылған жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі комиссия отырысына Мансап орталығы арқылы ұсынылады.

БІЛІМ ГРАНТЫ
«Шығыс шақырады» өңірлік жоспарын іске асыру шеңберінде пилоттық аудандардың түлектеріне жоғары оқу орнының оқу ақысын төлеу үшін облыс әкімінің 200 айлық есептік көрсеткіш (865 000 теңге) мөлшерінде мақсатты білім беру гранты беріледі. Грант иегері жоғары оқу орнын аяқтағаннан кейін пилоттық аудандарда 3 жыл еңбек етуі керек.
Үміткерде орта білім туралы аттестат (11-сынып түлегі) немесе техникалық және кәсіптік білім туралы аттестат (ТжКБ түлегі) болуға тиіс.
Грантты тағайындау туралы куәлік электронды форматта немесе қатысушы туралы деректері бар қағаз құжат түрінде білім басқармасы тарапынан беріледі.
Білім беру гранттары келесі бағыттар бойынша бөлінеді:
Педагогикалық ғылымдар;
Өнер және гуманитарлық ғылымдар;
Әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпарат;
Бизнес, басқару және құқық;
Жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика;
Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар;
Инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары;
Ауыл шаруашылығы және биоресурстар;
Қызмет көрсету саласы;
Бизнес және басқа.
ЖЕҢІЛДЕТІЛГЕН ИПОТЕКАНЫ ҚАЛАЙ АЛУҒА БОЛАДЫ?
«Оңтүстік – шығыс маманы» пилоттық жобасы қоныс аударушыларға жеңілдетілген ипотекаға қол жеткізуге мүмкіндік береді. Жоба пилоттық төрт ауданда іске асырылады. Мақсат – сұранысқа ие білікті мамандардың тұрғын үй сатып алуына жағдай жасау. Ол үшін үміткер Самар, Марқакөл, Катонқарағай, Тарбағатай аудандарының Мансап орталықтарына келесі құжаттарды ұсынады:
Жеке куәлік;
Белгіленген үлгідегі өтініш;
Өтініш берушіге және оның отбасы мүшелеріне Қазақстан Республикасы бойынша жылжымайтын мүліктің бар-жоғы туралы анықтама;
Соңғы бір жылдағы зейнетақы аударымдары туралы үзінді көшірме;
Неке қию/бұзу туралы куәлік, балалардың туу туралы куәлігі, қажет болған жағдайда мүгедектік туралы анықтама;
Пилоттық ауданда жұмысқа орналасқаны туралы ұйымның ресми бланкісіндегі анықтама;
Білімі туралы құжаттар;
Еңбек кітапшасы (қызметтік тізім).
Қатысушыларға қойылатын талаптар:
Жобаға қандастар, қоныс аударушылар және «Серпін» жобасының қатысушылары қатыса алады;
Кейінгі 5 жылда Шығыс Қазақстан облысы аумағында тұрғын үйінің болмауы;
Мамандығының сұранысқа сәйкестігі;
Қазақстан Республикасының азаматтығының болуы;
Жобаға ерлі-зайыптылардың тек біреуінің қатысуы;
Кейінгі алты айдағы еңбек немесе кәсіпкерлік қызметтен түскен табыстарды растау;
Қарыз алушы/қоса қарыз алушы және кепілгердің соңғы жұмыс орнындағы кемінде 3 ай және одан да көп үздіксіз еңбек өтілінің болуы (табысты растау кезеңіне сәйкес).
Оң шешім қабылданған жағдайда банк қатысушының төлем қабілеттілігі туралы анықтама беріп, ипотекалық шарт жасасады. Кредит сомасы – 20 000 000 теңге.

«ҚҰТТЫ ӨҢІР» — БАСПАНАЛЫ БОЛУДЫҢ БІР ЖОЛЫ
Бұл – «Шығыс шақырады» қатысушыларын баспанамен қамтамасыз ету мақсатында үйлерді қалпына келтіруге, кейіннен сатуға және жаңадан үй салуға бизнес қоғамдастық қатысатын пилоттық жоба.
Кәсіпкер ұсынатын құжаттар:
Кәсіпкер Мансап орталығына сатуға дайын (салынған немесе жөндеуден өткен) үйлердің тізімін, тұрғын үй бағасы көрсетілген және құжаттары рәсімделген түрде ұсынады.
Қоса берілетін құжаттар:
Банк шотының бар екендігі туралы анықтама (деректемелерімен);
Уәкілетті жер қатынастары органы берген тұрғын үй құрылысына арналған нысаналы мақсаты бар жер учаскесіне меншік құқығын немесе жер пайдалану құқығын растайтын құжат;
Кешенді ведомстводан тыс сараптаманың оң қорытындысы бар жобалық-сметалық құжаттама;
Тұрғын үйдің бағалау құны туралы есеп;
Нысанды пайдалануға қабылдау актісі;
Заңды тұлғаларға жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар (ауыртпалықтар) және оның техникалық сипаттамалары туралы анықтама.
«Құтты өңір» жобасына үміткер ұсынатын құжаттар:
Жеке басын куәландыратын құжат;
Белгіленген үлгідегі өтініш;
Кейінгі 5 жылда Қазақстан Республикасы бойынша өтініш берушінің және оның отбасы мүшелерінің атына тіркелген жылжымайтын мүліктің жоқтығы туралы анықтама;
Неке қию/бұзу туралы куәлік, балалардың туу туралы куәлігі, мүгедектік туралы анықтама;
Кейінгі 12 айдағы зейнетақы аударымдары туралы үзінді көшірме;
Мамандығы бойынша жұмысқа орналасқаны туралы анықтама (лауазымы және жұмыс кезеңі көрсетілген, ресми бланкіде немесе ұйым мөрімен расталған);
Еңбек өтілін растайтын құжаттар.

ЖАСТАРҒА БАСЫМДЫҚ БЕРІЛЕДІ
Ауыл жастарына білім гранттары қарастырылып, олардың туған өңіріне маман ретінде оралуына мүмкіндік жасалады. Бұл – «оқу → мамандану → ауылға оралу» қағидатын қалыптастырады.
Қысқаша айтқанда, «Шығыс шақырады» – тек көші-қон жобасы емес, ол ауылды жаңғырту, кадрлық әлеуетті күшейту және шекаралық аумақтарды дамытуға бағытталған ұзақ мерзімді өңірлік стратегия.




