Шығыс Қазақстан облысында қару айналымына қатысты заңды бұзу жағдайлары көбейген. 2025 жылы өңірде қаруды сақтау және пайдалану талаптарын бұзған 103 дерек тіркелсе, биылғы екі айда бұл көрсеткіш 106-ға жеткен. Бұл туралы ШҚО полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы, полиция полковнигі Орал Рыспаев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтты, деп хабарлайды F16.kz.
Оның айтуынша, құқық бұзу деректерінің басым бөлігі қару иелерінің салғырттығынан туындайды. Көп жағдайда азаматтар қаруды сақтау және пайдалану талаптарын толық орындамайды. Мәселен, кейбір қару иелері уақтылы тексерістен өтпейді немесе қару сақталатын сейфке орнатылған сигнализацияны қоспайды. Сонымен қатар тексеру барысында кейбір азаматтардың қару сақтайтын сейфке алтын бұйымдар мен ақшаны бірге сақтайтыны анықталған. Бұл қауіпсіздік талаптарына қайшы келеді.
Сонымен қатар өңірде тіркелген қару иелерінің саны да азайған. 2025 жылы облыста 8768 қару иесі тіркелсе, 2026 жылы олардың саны 8340 адам болды.
Мамандардың айтуынша, бұл көрсеткіш қаруды сақтау талаптарының күшеюімен және азаматтардың қаруды ерікті түрде тапсыруымен байланысты болуы мүмкін.




