Шығыс Қазақстан облысында сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға және парасаттылық қағидаттарын нығайтуға бағытталған кеңес өтті. Жиынға облыстық денешынықтыру және спорт басқармасына қарасты 36 ведомстволық бағынысты ұйымның өкілдері қатысты.
Кездесуде қызметтік әдеп нормаларын сақтау, мүдделер қақтығысының алдын алу және сала қызметкерлерінің жеке жауапкершілігін арттыру мәселелері талқыланды. Сондай-ақ спорт ұйымдарының қызметінде ашықтық пен адалдық қағидаттарын күшейту қажеттігі айтылды.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Е.Айқымбеков спорт ұйымдары басшылары мен қызметкерлерінің адалдығы, принципшілдігі спорт саласының дамуына ғана емес, қоғамның мемлекеттік институттарға деген сенімінің нығаюына да ықпал ететінін атап өтті.
Сыбайлас жемқорлық кез келген салаға зиян келтіреді. Ал адамдардың денсаулығы мен жастар тәрбиесімен тікелей байланысты спорт саласында оның салдары тіпті ауыр болуы мүмкін. Сондықтан жеке пайда табу, тамыр-таныстық немесе қызметтік өкілеттіктерді теріс пайдалану сияқты әрекеттерге жол берілмеуге тиіс, – деді ведомство басшысы.
Жиында Қазақстанның халықаралық ұйымдардың, соның ішінде ГРЕКО және ЭЫДҰ ұсынымдары аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарды кезең-кезеңімен енгізіп жатқаны атап өтілді. Бұл бағытта алдын алу шараларын күшейтуге және мемлекеттік қызметшілердің әдеп талаптарын қатаң сақтауға ерекше мән беріледі.
Кеңес барысында «Адал азамат» идеологиясын ілгерілету мәселесіне де назар аударылды. Аталған бастама қоғамда адалдық, жауапкершілік және әділдік құндылықтарын қалыптастыруға бағытталған.
Сонымен қатар қатысушылар спортты дамыту мен салауатты өмір салтын насихаттау елдің болашағына салынған маңызды инвестиция екенін атап өтті. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыс дені сау, белсенді және бәсекеге қабілетті ұрпақты қалыптастыруға мүмкіндік береді.




