Қазақстанда мемлекеттік қызметшілерді мектеп қабырғасында оқып жүргенде таңдап алмақ. Болашақта түлектерге білім грантын ұсыну арқылы мемқызметке тарту көзделіп отыр. Ал ол гранттың өз міндеттемесі бар, деп хабарлайды F16.kz порталы kapital.kz-ке сілтеме жасап.
Мәжілісте мемлекеттік қызмет туралы заң жобасы бірінші оқылымда қаралып жатыр. Құжаттың негізгі мақсаты – жастарды мемлекеттік басқару жүйесіне тарту. Депутаттардың мәліметінше, қазір елдегі мемлекеттік қызметкерлердің шамамен 17 пайызы – жастар.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай үміткерлерді іріктеу тәртібі, бағдарламаға қатысу жолдары және білім гранттары мен шәкіртақы мәселесіне тоқталды.
Оның айтуынша, қазір елімізде 27,5 мыңға жуық жас мемлекеттік қызметші жұмыс істеп жүр. Ал олардың қатарын жүйелі түрде толықтыру 2019 жылдан бері жүргізіліп келеді.
Біз Сингапур үлгісін негізге ала отырып, болашағын мемлекеттік қызметпен байланыстырғысы келетін 10-11-сынып оқушыларын осы салаға тартпақпыз. Мұндай жастарды мектеп қабырғасынан бастап білім гранттары арқылы қабылдаймыз. Біз мемлекеттік қызметке қандай мамандар қажет екеніне талдау жасадық. Осы сұранысқа ие мамандықтар бойынша жастарды мектептен бастап бағыттап отырамыз, — деді Дархан Жазықбай.
Грантта оқыған түлектер диплом алған соң өңірде, негізінен ауылдық жерде 2 жылдан 3 жылға дейін еңбек етуге тиіс. Кейін олар Мемлекеттік басқару академиясында біліктілігін арттырып, мансап жолын жалғастыра алады. Басшылық лауазымдарға тағайындалу мүмкіндігіне ие болады.
Айта кетейік, былтыр Президент кадрлық резервіне 32 мыңға жуық өтінім түскен. Енді Қазақстанда саяси және әкімшілік лауазымдарға тағайындаулар осы кадрлық резерв арқылы жүзеге асырылмақ.




