Биыл Шығыс Қазақстан облысының Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығы ұйымдастырған Наурыз мейрамы жылдағыдан өзгеше өтті. Металлургтер мәдениет сарайының алдындағы алаңқай ұлан-асыр думан мен ойын—сауықтың ордасына айналды. Әсіресе, көлік сүйреген алыптар сайысы дүйім жұртқа тамаша көңіл—күй сыйлады, деп хабарлайды F16.kz.

Көктемнің басты мерекесі – Ұлыстың ұлы күнін кең көлемде атап өту мақсатында қаланың бірнеше ауданында концерт, жәрмеңке, ұлттық ойындар ұйымдастырылды. Металлургтер мәдениет сарайы алдында үлкен сахна құрылып, қаз-қатар киіз үйлер тігілді. Қазан көтеріліп, сары самауыр қойылды. Қазақы дәстүрге сай шашу шашылып, бата берілді. Содан кейін-ақ мерекелік шаралардың тиегі ағытылды. Сахнада жергілікті өнер ұжымдары: «Ақниет» вокалдық ансамблі, «Бастеньки» фольклорлық-этнографиялық ансамблі, «Еркетай» би ансамблі және басқа да шығармашыл топтар, жекелеген әншілер ән шырқап, би биледі. Этнотоптар әртүрлі ұлттардың мәдениетін таныстырып, оның бай әрі алуан түрлі екенін көрсетті. Бұл мерекені Достық үйі өңірдегі іргелі кәсіпорын – «Казцинк» компаниясының қолдауымен өткізгенін атап өту керек.
Қолөнер шеберлері мен жергілікті тауар өндірушілердің өнімдері ұсынылған жәрмеңке, көненің көзіндей болған тарихи бұйымдар көрмесі, ұлттық ойындар алаңы, балаларға арналған аниматорлар қойылымы сияқты өзгеше бағдарлама әзірленіпті. Қала тұрғындары мен қонақтары садақ атып көріп, қыран құсты қолға қондырып көрді. Бір айта кетерлігі, мұндағы мерекеде түрлі этнос өкілдері өздерінің ұлттық киімдерін киіп, сән-салтанатпен жүрді. Өз ұлтының мәдениетін таныстырды, өнерін насихаттады.
Наурызды ерекше жақсы көремін. Бұл күн мен түн теңелгенде тойланатын нағыз жыл басы. Қыстан қысылып шыққан жұрт көктемнің шуағына жылынып, күнмен бірге күлімдейді, жермен бірге жібиді. Табиғат оянып, тіршілік атаулы жанданады. Бұлақтардың көзі ашылады. Сондықтан бұл мейрамды отбасымызбен күтеміз, дайындаламыз. Наурыз тойы Металлургтер сарайының алдында жылда өтеді. Биылғы бағдарламалары тіпті керемет болды, – деді өзін Виталий деп таныстырған Өскемен тұрғыны.

Көпшіліктің көңілін көтерген қызықтың сайыстың бірі бауырсақ жеп жарысу болды. Қатысушылар сахнаға шығып, табақтағы бес түйір бауырсақты қолмен ұстамай жылдам жеп тауысуы керек. Бұл сайысқа ер азаматтармен бірге қыздар да белсенді қатысты.
Сол сияқты гір көтеру, зілтемірді желкеге қойып отырып тұру, салмағы 8 келі тартатын болат білікті бір қолмен ұзақ уақыт ұстап тұру сияқты сайыстарда бақ сынаған жастардың қарасы көп болды.

Мерекенің шарықтау шегі деп салмағы 2 тоннаға жуық көлікті сүйреп жарысқан алыптардың бәсекесін айтар едік. Жиылған жұртшылық та бұл сынды соңына дейін тапжылмай күтіп, қызықтады. «Өскемен батырлары» сайысында көлікті межелі жерге 19 секундта сүйреп апарып, қайтадан кері итеріп жеткізген Бекжан Базархан Наурыз мейрамын тойлау үшін Өскеменге Ұлан ауданының Бозанбай ауылынан арнайы келіпті.
Көлік сүйреу жарысына қатысып, жеңімпаз болдым. Сайыскерлердің бәрі де мықты екен. Бәсеке жоғары дәрежеде өтті. Бұның бәрі жастарға үлгі, өнеге деп ойлаймын. Қазақта батыр ұлдар туа берсін. Ұлыс оң, ақ мол болсын! – деді Бекжан батыр.
Алаңдағы қаз-қатар тігілген киіз үйлерде тұрғындарға наурызкөже таратылып, қонақтар ұлттық тағамдар қойылған мол дастарханнан дәм татты. Киіз үйдің ішіндегі ұлттық нақыштағы дүниелерге көз қыдыртты. Арнайы дайындалған фотоаймақта естелік суретке түсіп, қыран құс пен жүйрік тазыны тамашалады. Бұл күнді қала жұртшылығы көпке дейін аузынан тастамай айтып жүретіні сөзсіз.




