Былтыр Шығыс Қазақстанда үш қаржы пирамидасының қызметі әшкереленіп, тоқтатылды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Тимур Мұқанов мәлім етті, деп хабарлайды F16.kz.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, көлеңкелі экономикаға қарсы күрес жүйелі түрде жалғасып келеді. Сонымен қатар азаматтарды қаржылық алаяқтықтан қорғау және оның алдын алу шараларына ерекше көңіл бөлінген.
Профилактикалық жұмыстың маңызды құралдарының бірі – цифрлық қауіпсіздік. Осы мақсатта Telegram мессенджерінде Baiqa, piramida сервисі іске қосылған. Аталған сервис арқылы пайдаланушылар күмәнді компанияларды тексере алады: ол үшін сайттың немесе әлеуметтік желідегі парақшаның сілтемесін енгізу жеткілікті.
Тимур Мұқановтың айтуынша, былтыр департамент қаржы пирамидасына қатысты 481 сілтемені, онлайн-казино және өзге де құмар ойындарға байланысты 591 сілтемені, сондай-ақ криптоайырбастау пункттеріне қатысты 121 сілтемені бұғаттаған.
Жалпы, 2021 жылдан бері Қазақстанда 100-ден астам қаржы пирамидасының жолы кесілген. Олардың қатарында Eolus Kazakhstan, Sinsera Systems және Best Road Investment сияқты схемалар бар.




