25–27 наурыз күндері Астана қаласында өткен «Infomatrix-Asia 2026» халықаралық компьютерлік жобалар байқауында Өскемендегі Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары жоғары нәтиже көрсетті, деп хабарлайды F16.kz.
Аталған халықаралық сайыста дарынды оқушылар IT, ғылым және инновация бағытында бақ сынайды. Биыл байқауға 3000-нан астам өтінім түсіп, олардың ішінен 600-ге жуық финалист іріктелген.
Финалдық кезеңде 10 елден келген 250-ден астам команда өз жобаларын қорғап шықты.
Қатысушылар 9 түрлі бағыт бойынша, оның ішінде жасанды интеллект, бағдарламалау, стартап және инженерлік жобалар бойынша жұмыстарын ұсынған.
Беделді халықаралық додада Өскемендік мектеп оқушылары Тамерлан Өмралинов, Адия Татанова және Амина Әділқызы «InsozAI» жобасымен жүлделі ІІІ орынға ие болды.
Мұндай халықаралық байқаулар жас зерттеушілердің ғылыми-зерттеу дағдыларын дамытып, олардың болашақта IT саласының білікті мамандары болып қалыптасуына жол ашады.




