Бір жыл бұрын Қонаев қаласындағы 32363 әскери бөліміне Отан алдындағы борышын өтеуге аттанған 18 десантшы туған жеріне абыроймен оралды, деп хабарлайды F16.kz.
Сарбаздарды теміржол вокзалында ата-аналары, жақындары мен Шығыс Қазақстан облысы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің өкілдері қарсы алды. Көптен күткен кездесу сәтінде қуаныш пен толқу қатар өріліп, аналардың көзінде сағыныштың ізі байқалды.
Әскери қызмет — әрбір азамат үшін үлкен мектеп. Бір жыл ішінде сарбаздар шынығып, тәртіп пен жауапкершілікті бойларына сіңіріп, нағыз ер азамат ретінде қалыптасты. Олар десанттық-шабуылдау әскерлерінің қатарында қызмет етіп, әскери дайындықтың түрлі кезеңдерінен өтті.
Әскери қызмет мен үшін үлкен өмір мектебі болды. Біз тек физикалық тұрғыда емес, рухани жағынан да өстік. Достар таптық, тәртіпке үйрендік. Отан алдындағы борышты өтеу – әр азаматтың міндеті деп есептеймін, – деді кіші сержант Жасұлан Қазизов.
Айта кету керек, десанттық-шабуылдау әскерлері – Қарулы Күштердің ең мобильді әрі жауынгерлік қабілеті жоғары бөлімдерінің бірі. Бұл әскер қатарында қызмет ету сарбаздардан ерекше төзімділік пен батылдықты талап етеді.
Қызметін абыроймен атқарып келген жас жауынгерлер алдағы уақытта алған тәжірибелерін бейбіт өмірде де тиімді пайдаланып, ел дамуына өз үлестерін қоспақ.




