1991 жылдан бастап биылға дейінгі демографиялық деректерді талдау халықтың өмір сүру сапасы мен денсаулық жағдайында түбегейлі өзгерістер болғанын көрсетті. Қазақстандықтардың күтілетін өмір сүру ұзақтығы (КӨҰ) 75,97 жасқа жетіп, тәуелсіз еліміздің тарихындағы абсолютті рекорд болды.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында КӨҰ орташа көрсеткіші 67,6 жас (2001 жыл – 65,6, 2011 жыл – 68,98, 2021 жыл – 70,23) болған. Осылайша, 30 жылдан астам ішінде ел азаматтарының орташа өмір сүру ұзақтығы 8 жылдан астам уақытқа ұзарған.
Өмір сүру ұзақтығына әсер ететін маңызды факторлардың бірі – инфекциялық емес аурулармен (ИЕА) күрес бойынша іске асырылып жатқан шаралар.
2025 жылы Қазақстан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропа өңірінде инфекциялық емес аурулардан болатын өлімді 25%-ға төмендеткен елдердің алғашқы ондығына енді. Бұл көрсеткіш ДДҰ-ның Еуропалық жұмыс бағдарламасының нысаналы индикаторы болып есептеледі.
Оң динамика денсаулық сақтау жүйесін дамыту, халықтың өмір сапасын жақсарту және өлімді азайту бойынша мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін айғақтайды.
Қазақстан Үкіметі 2029 жылға дейінгі денсаулық сақтауды дамыту тұжырымдамасы шеңберінде елдегі күтілетін өмір сүру ұзақтығын 77 жасқа дейін жеткізу жөнінде мақсат қойып отыр.




